Владимиров ауылында 400 басқа арналған заманауи тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 4 380 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Ал Қостанай ауданындағы екі сүт фермасы жобалық қуатына шыққаннан кейін өңірдегі жылдық сүт өндірісі 37 пайызға артады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бүгін жұмыс сапарымен Қостанай ауданына барып, Владимировка ауылындағы «ДК Мақсат KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы сүт фермасының ашылуына қатысты. Жобаның жалпы құны – 3,2 миллиард теңге.

«ДК Мақсат KZ» ЖШС директоры Алмат Еслямовтың айтуынша, инвестицияның 2,9 миллиард теңгесі қарыз қаражаты болса, 324,8 миллион теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты есебінен салынған.
«Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту міндетін қойды. Ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту және өндіріс көлемін арттыру үшін мемлекет инвестициялық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», – деді Құмар Ақсақалов.
Ауданда сүт өндірісі 37 пайызға артады
Облыс әкімінің айтуынша, Қостанай ауданында «ДК Мақсат KZ» және «Надеждинка» серіктестіктерінің екі сүт фермасы іске асырылып жатыр. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққаннан кейін аудандағы жылдық сүт өндірісі 32 мың тоннадан 44 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл – 37 пайыз өсім.
Жалпы, облыста тауарлы сүт фермаларын салуға бағытталған 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жетеуі өткен жылы пайдалануға берілген. Қазір алты ферма салынып жатыр, ал жыл соңына дейін тағы үш ферманың құрылысын бастау жоспарланған.
«Мұндай фермалардың ашылуы ауылдық аумақтарды дамытуға үлес қосып, ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықты сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Мұның барлығы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығын дамытуға және облыс экономикасын нығайтуға септігін тигізеді», – деді облыс әкімі.
Германиядан асыл тұқымды мал жеткізілді
Жоба аясында Германиядан голштин тұқымды 165 бас қашар сатып алынған. Қазір мал төлдеп, сүт бере бастаған. Келесі партияны қараша айының соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңа ферма Владимиров ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік берді. Кәсіпорында 30 адам еңбек етеді. Сүт сауу бөлімі заманауи технологиялармен жабдықталған.
Фермада малды азықпен тұрақты қамтамасыз ету үшін де дайындық жүргізілген. Қолда бар мәліметке сәйкес, 112 тонна бұршақ, 450 тонна судан шөбі және 4 584 тонна жүгері әзірленген.
Жаңа өндіріс орны ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттырып, жергілікті нарықты отандық сүтпен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққан сайын оның өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қосатын үлесі де арта түспек.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
