Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жобаға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғындар сақтандырылған мәртебесі болмаса да, алғаш рет емханаға жүгінген кезде бірқатар базалық медициналық қызметті тегін ала алады. Дегенмен, ұсынылған өзгерістер әзірге заң жүзінде түпкілікті бекітілген жоқ.
Жаңа бастаманың көздегені – алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау және азаматтардың медициналық қызметтерді алу тәртібін жеңілдету. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың базалық медициналық көмекке қол жеткізуін жеңілдетуге және емхана деңгейінде медициналық қызметтерді алу үдерісін барынша ыңғайлы етуге бағытталған. Бұл, әсіресе, тұрақты сақтандыру жарнасын төлеуге мүмкіндігі жоқ немесе қандай да бір себеппен сақтандырылған мәртебесінен айырылған тұрғындар үшін маңызды.
Министрлік ұсынған жоба аясында базалық медициналық қызметтердің қатарына жалпы қан және зәр талдауларын тапсыру, қан қысымын өлшеу, электрокардиография (ЭКГ) арқылы жүрек жұмысын тексеру, қандағы оттегі деңгейін анықтау және флюорографиядан өту енгізілген. Сонымен қатар медициналық көрсетілімдер болған жағдайда іш қуысы ағзалары мен бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізу және жекелеген функционалдық тексерулерден өту қарастырылған.
Бұл қызметтерді алу үшін МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінің болуы талап етілмеуі мүмкін. Алайда базалық тексерулердің барлығы бірдей әр науқасқа тағайындалмайды. Олардың қажеттілігін пациенттің шағымдары мен денсаулық жағдайына қарай медицина маманы анықтайды. Сондай-ақ жобаға сәйкес, медициналық қызметтерді белгілі бір ауру бойынша алғашқы жүгінген кезде белгіленген тәртіппен бір рет алу көзделіп отыр. Демек, бұл барлық тексеруді шектеусіз әрі тұрақты түрде тегін өткізуге мүмкіндік беретін жүйе емес.
Ал базалық пакетке кірмейтін және МӘМС аясында көрсетілетін жоспарлы тексерулер мен өзге де медициналық қызметтерді алу үшін сақтандырылған мәртебесі қажет болуы мүмкін. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер сақтандыру жүйесін алмастыруды емес, кепілдендірілген базалық көмек пен МӘМС пакетіндегі қызметтердің аражігін нақтылауды көздейді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Әлия Бекенованың айтуынша, өзгерістер алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшу үдерісімен байланысты.
«Өзгерістер алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшуге байланысты. Жаңа тәсіл халық үшін алғашқы медициналық көмекті қолжетімді етуге, оны алу тәртібін нақтылауға және медициналық көмек пакеттері арасындағы қызметтердің қайталануын болдырмауға бағытталған», – дейді ол.
Сонымен қатар МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың жедел медициналық көмек алу мүмкіндігі сақталады. Қолданыстағы тәртіп бойынша тұрғындар жедел жәрдем шақырып, шұғыл жағдайда стационарлық көмекке жүгіне алады. Мұндай көмектің көлемі мен көрсетілу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады. Денсаулық жағдайы күрт нашарлаған немесе өміріне қауіп төнген жағдайда медициналық көмекті дер кезінде алу аса маңызды.
Айта кету керек, сақтандырылмаған азаматтарға базалық медициналық қызметтерді тегін көрсету туралы ұсыныс әзірге жоба деңгейінде. Оның түпкілікті мазмұны, қызметтердің нақты тізімі мен оларды алу шарттары тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданғаннан кейін белгілі болады. Егер жоба бекітіліп, белгіленген мерзімде іске қосылса, бастама тұрғындардың денсаулығын дер кезінде тексеруге, ауруларды ерте анықтауға және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
