Қостанайда шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың маңызды тірегіне айналып отыр. Қазіргі уақытта қалада 29 993 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп, 75 279 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және жаңа жобаларды қаржыландыру мақсатында биылдан бастап «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Жыл басынан елімізде салық есептілігіне енгізілген өзгерістерге байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі қарастырылды. Осыған орай бірқатар жеке кәсіпкер аталған режимге көшіп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтті. Нәтижесінде олар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің статистикасында бұрынғыдай есептелмейді.
Кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын қалыптастырудың маңызды тетігі. Мемлекет тарапынан кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – «Іскер аймақ» бағдарламасы.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мира Қазкееваның айтуынша, бағдарлама Мемлекет басшысының кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынған.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың басты құралы. Сондықтан мемлекет жұмысының негізгі бөлігі бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл туралы ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында айтып келеді. Бүгінде кәсіп бастаймын деген азаматтарға Үкімет тарапынан қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары қарастырылған. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында биылдан бастап „Іскер аймақ“ бағдарламасы жүзеге асуда», – деді Мира Қазкеева.
Бағдарламаның негізгі тетігі – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік беру. Бұл бизнес өкілдерінің жаңа жобаларды қолға алуына, өндіріс көлемін арттыруына және қызмет түрлерін кеңейтуіне жол ашады.
Бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларды дамытуға басымдық беріледі. Қолдау көрсетілетін негізгі бағыттар қатарында өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын шығару және қолөнер бар.
Ал Қостанай қаласында жүк тасымалы, мейрамхана қызметі, білім беру мен денсаулық сақтау, сондай-ақ тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың құрылысы салаларын дамытуға басымдық беріліп отыр.
Осылайша, «Іскер аймақ» бағдарламасы жергілікті кәсіпкерлерге қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау жаңа жобалардың жүзеге асуына, жұмыс орындарының сақталуы мен көбеюіне және жергілікті экономиканың дамуына ықпал етуге тиіс.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Фото: aruana.kz
