ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРАСЫМЫ: «Ең үздік аула» жеңімпаздарының шаңырағында

ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРАСЫМЫ: «Ең үздік аула» жеңімпаздарының шаңырағында

Бұл шаңырақта береке мен татулық та, еңбекқорлық пен шығармашылық та, тәртіп пен тазалық та – бәрі-бәрі біте қайнасып жатыр. Жарты ғасырға жуық жұп жазбаған Николай-Любовь Коваленколардың әсем ауласы да көркем болмыстарының айнасы іспетті. Науырзымдағы «Ең үздік аула» байқауында топ жарған отбасыға мейман болудың сәті түскен еді.  

Ажары бөлек аулаға аттап басқаннан-ақ алдымен тазалық пен ұқыптылық көзге түсті. Бірақ мұндағы басты ерекшелік қымбат безендірулер емес. Бұл жердегі әрбір бұйымның тарихы бар. Әр бұрыштан елгезек ерлі-зайыптының тиянақты қол еңбегі, ерек талғамы, бір-біріне деген қолдауы сезіледі. «Ауылдың, ауданның тазалығы мен көріктілігі әр ауладан басталуы керек» дейтін қағиданы берік ұстанады олар.

Отағасы Николай Иванович кәнігі шебер де, қолөнерші де, бағбан да емес. Ғұмыр бойы ауыл шаруашылығы көлігін тізгіндеген еңбекторы, өз саласынан шәкірт баулыған білікті оқытушы. Өзі осы өлкенің тумасы да емес. 1955 жылы Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Пресногорьков ауылында дүниеге келіпті. Қостанай индустриялық-педагогикалық техникумын тәмамдап, жолдамамен Науырзым ауданына 1976 жылы табан тірепті.

            «Сол жылы 3 тамызда ауданға келіп, ертеңіне-ақ жұмысқа кіріскенім есімде. Содан бері Науырзым туған жерімдей болып кетті. Еңбек жолымды өндірістік оқыту шебері болып бастап, кейін комсомол ұйымдарында қызмет атқарып, механизатор болып еңбек еттім. Өмірінің 32 жылын Науырзым кәсіптік-техникалық училищесінде арнайы пәндерден сабақ беруге арнадым. Зейнетке шыққанға дейін трактор, автомобиль және басқа да арнайы пәндерден шәкірт тәрбиеледім», – деп ғұмырдерегін баяндап берді ол.

blankОның сүйікті жары Любовь Федоровна да осы оқу ордасының ұстазы болды. 1976 жылы колледжге жұмысқа келіп, 36 жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Екі ұстаздың ортақ еңбек жолы олардың үйіндегі жарасымның да негізіне айналғандай.

            «Біз бұл үйге 1980 жылдың 1 тамызында кірдік. Содан бері әлденені өзгертсек те, бір нәрсені салсақ та, ешкімге күнімізді түсірмей, бәрін өз қолымызбен жасап келеміз. Қоршау да, гараж да, веранда да өз күшімізбен салынды. Үйіміз де құстың ұясындай жылы, жайлы. Суы келіп тұр, жуынатын бөлмесі, әжетханасы бар. Пешпен жылытылады демесеңіз, қамсыз өмір кешуге жарап-ақ тұр», – дейді отағасы мейірленіп.

Бастысы, абат ауланың әр бұрышындағы шағын дүниелер ерекше көз тартады. Мұнда гүлдерге арналған тұғырлар, түрлі сәндік бұйымдар, ағаштан жасалған дүниелер бар. Тіпті ескі спутниктік антеннаның өзін кәдеге жаратыпты.blank

            «Бір кезде мына спутник табақшасы қажетсіз болып қалды. Алғашында темір-терсекке өткізбек болдық. Бірақ одан түсетін ақша да мардымсыз еді. Сонда Любовь: “Одан саңырауқұлақ пішіндес самалдық жасайық. Астына орындық қойып, көлеңкесінде отырармыз”, – деді. Сөйтіп, идеяны бірден іске асырдық. Бұрынғы антенна әдемі саялы орынның төбесіне айналды. Ал оның төбесіне бүркіт мүсінін қонақтатып қойдық», – дейді Николай Иванович.

Бұл ауладағы тағы бір ерекшелік – жыл сайын жаңарып отыратын мүсіндер. Бірде Николай Иванович интернеттен бұқа бейнесін жасап отырған шеберді көріпті. Содан өзі де осы істі қолға алып көргісі келеді. Алғаш жасаған бұқасының қасына жылма-жыл жолбарыс, қоян, айдаһар, жылан бейнелері қосылып, «жыл иелері» түгенделе түстіпті. Өткен-кеткендер үнемі: «Коваленко тағы бірдеңе ойлап тауыпты» деп таңырқай қарайтынды әдетке айналдырған көрінеді. Ал биылғы жылқы жылының өзіне де лайықты туынды дайын тұр. Келер жылы оның орнын қой бейнесі баспақ. Айта кетері, Николай Иванович мұндай өнермен жас күнінде әуес болып көрмеген, зейнетке шыққан соң ғана айналыса бастапты. Алайда Любовь Федоровна жұбайының бойындағы бұл қабілетті бұрыннан білетінін айтады.blankblank

            «Оның сурет салатынын білетінмін. Анау бұрылыстағы дельфиндерді де өзі жасаған. Жалпы, менің де осындай істермен айналысқанды жаным қалайды. Шығармашылық тандеміміз бар деуге болады. Бір қызық айтайын. Бір танысым: «Сендерде басшы кім?» деп сұрады. Николай: «Ол! Ал мен орындаушымын», – десін. Сонда әлгі танысым әкесінің: «Бастысы – дұрыс басқара білу. Ал жасау ақымақтың да қолынан келеді», – деген сөзін есіне түсірді», – деп күлді Любовь Федоровна.

Бірақ мұнысының әзіл екенін әп-сәтте ескертіп, бұл сөзбен толық келіспейтінін алға тартып бақты. Еңбек әрекетінен берекет тапқан жандікі екенін айтып, жұбайын ақтай жөнелді. Шын мәнінде, олар – өмір бойы бірін-бірі толықтырумен келе жатқан, сонысымен көпке үлгі боларлық тату-тәтті жұп.

«Біз біргеміз»

            Ерлі-зайыптылардың ауласындағы дүниелердің ішінде пандемия кезінде жасалған «Біз біргеміз» жазуының да өзіндік тарихы бар. Ел індетпен бетпе-бет келген шақта адам біткен үйден шыға алмай, бір-біріне қолдау көрсетуге тырысты. Сол кезеңде Николай Иванович пен Любовь Федоровна да қарап отырмай, өз аулаларын көркейтуге кіріскен.blank

            «Ол үйде отыра алмайды. Таңертең тұрады да, аязға қарамай шеберханасына кетеді. Онда түрлі құрал-сайманы самсап тұрады. Үнемі бір нәрсені иіп-икемдеп, әлденені құрастырып жатқаны. Кейбір құралын өзі ойлап тапты, кейбірін тауып, керегіне бейімдеді. Сөйтіп, «Біз біргеміз» деген жазу да сол кезеңнің ұраны ретінде дүниеге келді», – дейді Любовь Федоровна.

Үй алдына әкеп орынатылған «Біз біргеміз» жазу да көптің көзайымына айналып үлгерген. Ерлі-зайыптыларға дәрі-дәрмек әкелген еріктілердің де көзі шалып, суретке түсуге рұқсат сұрайды екен. Осылайша, олардың қарапайым ғана ауласы аудан тұрғындарына таныс орындардың біріне айналып кетіпті. 

Екі аққу – бір тағдыр

            Ауладағы ең әсерлі мүсіндердің бірі – қос аққу. Оны «әсерлі» деп әспеттеудің себебі бар. Олардың үйленгеніне биыл желтоқсанда елу жыл толады. Бірақ, бір өкініштісі, жарты ғасыр ғұмыр кешкен ерлі-зайыптының балалары жоқ. Тағдыр маңдайларына мұндай ғанибетті жазбапты. Қазақстанда жақын туыстары да жоқтың қасы. Ілік-жақындарының көбі Ресейде, Челябіде, Новосібірде, Түменде тұрады. Сөйте тұра олардың шаңырағы ешқашан ойсырап қалған емес. Туыстары жыл сайын ат сабылтып келіп тұрады.blank

            «Жаз бойы үзік-создық келіп жатады. Маусымда біреулер, шілдеде басқалары, тамызда тағы легі қонақ болып түседі. Түмендегі немере туысымыз да күзде міндетті түрде ат ізін салады. Біреудің үнемі іздеп, хабарласып, келіп-кетіп тұрғаны қандай жақсы. Бірақ өзіміз сапарға көп шықпаймыз. Әсіресе, Николайды үйден қозғау қиын. «Жоқ, үйде болу керек» деп табандап отырады», – деп жымиды Любовь Федоровна.

Олардың үйі – жай ғана баспана емес, екеуінің ортақ әлемі. Үнемі бірге, қайда жүріп-тұрса да аралары бір елі алыстамайды. Сол себепті ауладағы қос аққу да бұл отбасының символындай көрінеді. Бір-бірінен ажырамайтын, қатар жүзген екі аққу секілді олар да өмірдің талай белесін бірге асып келеді. 

«Бағдарлама қағидамызбен бағыттас»

            Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы да бұл отбасының ұстанымымен үндес. Олар бұл қағиданы күнделікті өмірде ұстанып келеді.

            «Тазалыққа мықтап ден қоятын уақыт келді. Әркім өз ауласына қарауы керек. Кейбір адам үй аумағына мән бермейді. Біз соны түсінбейміз. Адам әдемілікте өмір сүруі керек қой. Ал әдемілік дегеніміз – тазалық пен тәртіп. Бағдарламаны қолдаймыз. Ол біздің қағидамызбен бағыттас. Әркім ең болмаса өз ауласын ұқыптап ұстаса, ауыл ажарына қосқан үлесі болмай ма», – дейді Любовь Федоровна.

Өздері бұл іске келгенде елгезек. Екеулеп жүріп, тазалық ісінен алдарына жан салмайды. Кешкісін барлық жұмысты аяқтап, өздері жасаған саңырауқұлақ пішінді самалдыққа отырып, бойға дамыл, жанға сая табады. Айнала тып-тыныш. Ауылдың таза ауасы. Жақын маңнан сезілетін Науырзым табиғаты. Ал ауладағы өздері жасаған жарықтар бірінен соң бірі жарқырап жана бастайды. Осы көрініске қарап отырып, «Ең үздік аула» атағының бұл отбасы үшін жай ғана байқаудағы жүлде емес екенін түсінесің.blankӨйткені олар әдемі ауланы бір күнде жасап алған жоқ. Оны ондаған жыл бойы бірге тұрғызды. Бір бұйымды Николай жасады, бір идеяны Любовь ұсынды. Бірі ойлап тапты, бірі қолдады. Бірі жасады, бірі жөн сілтеді. Ең бастысы – екеуі де ешқашан «мен» деп меншіктелмей, «біз» деп бірлесіп өмір сүрді. Жарты ғасырлық шаңырақтың табалдырығынан аттаған адам мұнда ең алдымен гүлді де, мүсінді де емес, бір-біріне сүйенген екі жүректің жылуын сезеді.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ