Қазақстандық спорттың абыройын асқақтатып жүрген ауыр атлетикадан Азия ойындарының жүлдегері Алексей Чуркин әскери бөлімге арнайы келіп, бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында спортшы әскери бөлімнің негізгі нысандарын аралап, әскери қызметшілердің күнделікті қызметімен, оқу-жаттығу үдерісімен және әскери тәртіпті ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты. Алексей Чуркин әскери қызметтің қыр-сырын көріп, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың қызметіне қызығушылық танытты.
Кездесудің негізгі бөлігі әскери қызметшілермен өткен еркін форматтағы тағылымды әңгімеге арналды. Спортшы сарбаздарға өзінің спорттағы жолы, жаттығу барысындағы қиындықтар, жарыстарға дайындық және жоғары нәтижеге жету жолындағы табандылық туралы айтып берді.

Алексей Чуркин өз сөзінде спортта да, әскери қызметте де тәртіп, төзімділік, мақсатқа ұмтылу және өзіне деген сенімнің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген жетістік күнделікті еңбекті, жауапкершілікті және қиындықтарға мойымай, алға ұмтылуды талап етеді.
Кездесу барысында әскери қызметшілер спортшыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оның спорттық мансабы мен халықаралық жарыстардағы тәжірибесі жайлы пікір алмасты.
Мұндай кездесулер жас сарбаздардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды салауатты өмір салтын ұстануға, жігерлі болуға және алға қойған мақсаттарына табандылықпен жетуге ынталандырады.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
