Қоршаған ортаны қорғау, қоқыс сұрыптаудан басталады

Қоршаған ортаны қорғау, қоқыс сұрыптаудан басталады

Қостанай облысында 240 қатты тұрмыстық қалдық полигоны есепке алынған. Соның 120-сы ғана, яғни тең жартысы заң талаптарына сәйкестендірілген. Ал осы жылдың алғашқы жартыжылдығында қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесі 23,3 пайызды құрады. Жылдық меже – 28 пайыз. Бұл сандар өңірдегі қоқыс мәселесінің тек тазалыққа емес, инфрақұрылымға, экологияға және тұрғындардың күнделікті мәдениетіне тікелей қатысты екенін көрсетеді.

Қоқыс көзден таса болған соң өздігінен жоғалып кететін нәрсе емес. Қоқыс жәшігіне тасталған әр пакет белгілі бір маршрутпен полигонға, сұрыптау желісіне немесе қайта өңдеу кәсіпорнына жетеді. Ал сол жолдың қай бағытта аяқталатыны көбіне қалдықтың қалай жиналғанына байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда облыс үшін «қоқысты қалай шығарамыз?» деген сұрақпен қатар, «оны қаншалықты азайтамыз, қалай сұрыптаймыз және қаншасын қайта өңдеуге қайтарамыз?» деген сауалдың маңызы артып отыр.

Облыс әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Клопованың айтуынша, қалдықтарды басқару мәселесі енді тек инфрақұрылыммен шектелмейді.

«Бүгін қалдықтарды басқару мәселелері бұл тек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту емес. Одан кем емес маңызды құрамдас бөлік – халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және әр адамның қоршаған ортаға жауапты көзқарасы керек», – дейді ол.

Бұл жерде мәселенің түйіні де осында. Қанша контейнер қойылса да, тұрғындар оны дұрыс пайдаланбаса, сұрыптау жүйесінің тиімділігі төмендейді. Қанша техника жаңартылса да, ірі көлемді қалдықтар белгіленбеген жерге төгілсе заңсыз қоқыс үйінділерді қалыптаса береді.

            «Экологиялық мәдениетті қалыптастырудың практикалық құралдарының бірі – қалдықтарды бөлек жинау. Қазіргі уақытта облыстың 74 елді мекенінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2,1 мыңнан астам контейнер орнатылған. Сонымен қатар, жеті елді мекенде қайталама шикізатты қабылдайтын 17 пункт жұмыс істейді. Қалдықтарды сұрыптау облыстың 29 елді мекенінде – қолмен де, арнайы жабдықтарды пайдалану арқылы да жүзеге асырылады. Осылайша, өңір тұрғындарында қалдықтарды жай ғана тастамай, оларды түрлері бойынша бөліп, материалдардың бір бөлігін кейінгі қайта өңдеуге жіберу мүмкіндігі біртіндеп қалыптасып келеді»– дейді Екатерина Клопова.

Бұл ретте маңызды нәрсені түсіну қажет. Яғни, бөлек жинау сұрыптау желісінде емес, тікелей үйде, аулада және контейнерлік алаңда басталады. Сондықтан халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бүкіл жүйенің тиімділігінің маңызды шарты болып отыр. Өңірде жеті қоқыс сұрыптау желісі жұмыс істейді. Оларды «Тазалық-2012» ЖШС, Қостанай қаласындағы «Атамекен 4+» ЖШС, Лисаков қаласындағы «Салем KZ» ЖШС, Қостанай ауданындағы «Экопром» және «Eco City» ЖШС, Жітіқарадағы «Соцсервис» ЖШС және Рудныйдағы «Рудный-Абат-2006» ЖШС кәсіпорындары пайдалануда. Облыста 13 компания қайталама шикізатты қайта өңдеуді жүзеге асырып, дайын өнімнің 15 түрін шығарады. Қайта өңделген материалдардан геотекстиль, георешетка, полиэтилен құбырлар, резеңке үгіндісі, полимерқұмды төсемтас, жұмыртқа науалары, шлакоблоктар және басқа да бұйымдар өндіріледі. Жиналған қайталама шикізат шаруашылық айналымға қайта оралып, жаңа өнім өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін. Демек, тұрғындардың экологиялық жауапты мінез-құлқының нақты нәтижесі бар: дұрыс сұрыпталған қалдықтар одан әрі пайдалану үшін ресурсқа айналу мүмкіндігіне ие.

            «Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 276,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болды, оның 74,8 мың тоннасы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде әкімдіктер мен қоқыс шығаратын ұйымдардың иелері 617 контейнер, оның ішінде ірі көлемді қалдықтарға арналған 58 арнайы контейнер, сондай-ақ алты қоқыс таситын көлік сатып алды. Бұл шаралар қалдықтарды жинау мен шығарудың тиімділігін арттыруға және тұрғындарға неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді спикер.

Ірі көлемді қалдықтарға жеке тоқталған жөн. Оларды кәдімгі контейнерлердің жанына қалдыруға болмайды. Ол үшін арнайы белгіленген орындар мен контейнерлер пайдаланылады. Сондай-ақ, осы жылы қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.

            «Сәуір айында кеншілер қаласындағы «L-Trading» ЖШС-де материалдық-техникалық жағынан қосымша жарақтандыру жобасы аяқталды. Құны 291,28 млн теңге болатын жоба шеңберінде бес қоқыс тасушы көлік сатып алынды. Қостанай қаласында қайталама шикізатты қайта өңдеу және қағаз бұйымдарын шығару зауытының құрылысы жобасын іске асыру жалғасуда. Жобаны «Север-Комбинат» ЖШС жүзегеасыруда. Инвестицияның жалпы көлемі 6 млрд 902,5 млн теңгені. Нысанда жобада қарастырылған жеті өндірістік желінің бесеуі пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта өндірістік цехтарды салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда», – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сабыров.

Алдағы кезеңде қайта өңдеу көлемін ұлғайтып қана қоймай, халық арасында қалдық – әр адамның жауапкершілігі және екінші өмірге ие бола алатын ресурс ретінде қарау түсінігін қалыптастыру қажет.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Суреттерді ұсынған – ӨКҚ алаңы