Бір әулет – бір мамандық – 114 жыл еңбек

Бір әулет – бір мамандық – 114 жыл еңбек

Байланыс саласының тынысы көзге көрінбейтін, бірақ қоғам өмірінің барлық буынын жалғап тұрған маңызды жүйе. Бір қоңыраудың үзіліссіз жетуі, интернеттің тұрақты жұмыс істеуі, шалғай ауылдағы тұрғынның қаладағы жақынымен тілдесуі мұның бәрінің артында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың еңбегі бар.

Бұл саланың тарихы технологиямен бірге жаңарып отырғанымен, оның басты құндылығы өзгермейді. Ол – адамдарды байланыстыру, ақпаратты үздіксіз жеткізу және қандай жағдайда да өз міндетіне адал болу. Осы тұста Жангелдин ауданындағы байланыс саласында еңбек етіп жүрген Оспановтар әулетін үлгі еткіміз келеді. Әулеттің тірегі Тұрсынбек Оспанов байланыс саласында 41 жыл еңбек етсе, жары Сағила Ахметова бұл салаға 25 жылын арнаған. Олардың ізін жалғаған ұлы Естай Тұрсынбекұлы Оспанов та 1995 жылдан бері байланыс саласында. Ал оның інісі Амантай да 20 жыл бұрын осы мамандықты таңдаған. Осылайша, бір әулеттің бірнеше буынын тоғыстырған еңбек жолының жалпы өтілі бір ғасырдан асып отыр. Нақтырақ айтсақ – 114 жыл. Естай Оспанов бүгінде Жангелдин ауданындағы байланыс учаскесінің бастығы қызметін атқарады. Еңбек күніне орай саладағы өзгерістер және мамандықтың жауапкершілігі туралы кейіпкермен әңгімелескен едік.

– Естай Тұрсынбекұлы, алдымен өзіңізді байланыс саласына алып келген жол туралы айтып өтсеңіз. Еңбек жолыңызды қай қызметтен бастадыңыз?

– Еңбек жолымды электромонтер болып бастадым. Алғашқы жылдары қарапайым маман ретінде жұмыс істеп, байланыс саласының қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгердім. Әріптестерімнен көп нәрсе үйреніп, өз білімім мен кәсіби біліктілігімді үнемі жетілдіруге тырыстым. Уақыт өте келе тәжірибем артып, жауапкершілігі мол қызметтерді атқара бастадым. Осылайша еңбек жолым электромонтер қызметінен басталып, бүгінде учаске бастығы деңгейіне дейін жалғасты. Бұл жол мен үшін үлкен еңбек мектебі болды. Әр қызметтің өз жауапкершілігі бар. Бүгінгі қызметіме жетуіме жылдар бойғы тәжірибем, еңбегім және осы мамандыққа деген сүйіспеншілігім себеп болды. Ал отбасымның бұл салаға келуіме ықпалы болғанын рас. Себебі, бала кезімнен ата-анамның байланыс саласындағы еңбегін көріп өстім.

Әкем Тұрсынбек, анам Сағила осы саланың қыр-сырын жақсы меңгерген, өз ісіне адал жандар болды. Олардың жұмысқа деген жауапкершілігі мен еңбекқорлығы маған әрдайым үлгі еді. Сондықтан байланыс саласын таңдауым кездейсоқ шешім емес. Бұл отбасымыздың дәстүрімен сабақтасқан өмір жолы. Әрине, мамандық таңдауда өз қызығушылығым да болды. Бірақ осы салаға деген құрмет пен қызығушылықтың қалыптасуына отбасы мүшелерінің ықпалы зор болды деп айта аламын.

– Әкеңіз Тұрсынбек Оспановтың еңбек жолы да ұзақ екен. Әке тәрбиесінен қандай қасиеттерді бойыңызға сіңірдіңіз?

– Әкемнің 41 жылдық еңбек жолы мен үшін үлкен өнеге. Ол кісіден ең алдымен еңбекқорлықты, жауапкершілікті және өз ісіне адал болуды үйрендім. Әкем әрқашан жұмысты сапалы орындауға, адамдарға құрметпен қарауға және қандай жағдайда да өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға ерекше мән беретін. Сондай-ақ оның «еңбек ешқашан елеусіз қалмайды» деген ұстанымы маған өмірлік қағида болды. Сондықтан қай істе болмасын адал еңбек етіп, өз мамандығымды құрметтеуге және үнемі ізденіп, дамуға тырысамын. Анам Ахметова Сағила да осы байланыс саласында 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Інім Амантай да Астана қаласында байланыс саласында жұмыс істейді. Біз үшін бұл мамандық жай ғана жұмыс емес, отбасымыздың өмірімен біте қайнасқан кәсіпке айналды. Үлкендердің күнделікті еңбегін көріп өскен соң, олардың жолын жалғастыру бізге табиғи нәрсе болды. Сондықтан бұл сала біз үшін дәстүрге айналды десем артық емес. Үлкендердің жолын жалғастырып, өз үлесімізді қосу – әрі мақтаныш, әрі жауапкершілік.

– Сіз еңбек жолын бастаған кезеңдегі байланыс саласы мен бүгінгі саланың айырмашылығы қандай? Қай кезеңді ерекше есте сақтадыңыз?

– Айырмашылығы өте үлкен. Бұрын көптеген жұмыстар қолмен атқарылатын, техникалық мүмкіндіктер шектеулі болатын. Ақауларды анықтау мен жөндеу де көп уақыт пен күш-жігерді талап ететін. Ал қазіргі таңда заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп, байланыс жүйелері автоматтандырылды. Интернеттің дамуы, талшықты-оптикалық желілердің тартылуы, мобильді байланыстың жаңа буындарының енгізілуі халыққа сапалы байланыс қызметін ұсынуға жол ашты. Әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен еңбек жолымның алғашқы жылдары ерекше есте қалды. Сол кезде тәжірибе жинақтап, мамандықтың қыр-сырын меңгердім, аға буын мамандардан көп нәрсе үйрендім. Сонымен қатар байланыс саласының біртіндеп жаңарып, жаңа технологиялардың енгізілуінің куәсі болу мен үшін үлкен тәжірибе әрі мақтаныш. Ең алдымен білімге құштарлық, үнемі іздену және жаңа нәрсені үйренуге дайын болу керек. Қазіргі заманда бір рет алған біліммен шектеліп қалуға болмайды. Себебі технология күн сайын жаңарып отырады. Сонымен қатар жауапкершілік, ұқыптылық және өз ісіне деген сүйіспеншілік те маңызды. Байланыс саласы адамдарды бір-бірімен байланыстыратын маңызды сала болғандықтан, әр маман өз жұмысының сапасына ерекше мән беруі керек. Жаңашылдыққа ашық болып, кәсіби біліктілікті үнемі жетілдіріп отыру – қазіргі маман үшін аса қажет қасиет.

– Қызмет бабында есте қалған оқиғалардың біріне тоқталсаңыз.

– Есте қалған оқиғалардың бірі – Шеген ауылында көктемгі су тасқыны кезінде болған жағдай. Су тасқыны салдарынан байланыс үзіліп, ауыл тұрғындарының байланысқа шығуы қиындады. Сол кезде біз үшін ең басты міндет – байланысты мүмкіндігінше тез арада қалпына келтіру болды. Қиын жағдайға қарамастан, әріптестерімізбен бірлесе отырып, ақаудың себебін анықтап, қажетті жұмыстарды жүргіздік. Табиғи жағдайдың қолайсыздығына қарамастан, өз міндетімізді жауапкершілікпен атқаруға тырыстық. Байланыс қайта қалпына келген сәтте ерекше қуаныш сезіндім. Себебі мұндай жағдайда байланыс – жай ғана қызмет емес, адамдардың бір-бірімен хабарласуы, қажетті ақпаратты уақытында алуы үшін аса маңызды құрал. Осы оқиға маған мамандығымыздың жауапкершілігі мен маңызын тағы бір рет сезіндірді.

– Байланысшының еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сіздіңше, қарапайым тұрғын оның еңбегінің қадірін қаншалықты түсінеді?

– Менің ойымша, қарапайым тұрғын байланысшының еңбегін күнделікті өмірде үнемі байқай бермеуі мүмкін. Өйткені байланыс тұрақты жұмыс істеп тұрса, оның артында қаншама маманның еңбегі жатқанын көпшілік ойлана бермейді. Ал байланыс үзіліп, телефон қоңырауы өтпей немесе интернет істемей қалған кезде оның қаншалықты маңызды екені бірден сезіледі. Әсіресе төтенше жағдайларда байланыс адамдар үшін аса қажет. Мұндай сәттерде байланысшылардың жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі – байланыс үзілмей, адамдардың бір-бірімен еркін сөйлесіп, қажетті ақпаратты уақытында жеткізе алуы. Біз өз жұмысымызды көзге көріну үшін емес, адамдарға сапалы әрі тұрақты байланыс қызметін қамтамасыз ету үшін атқарамыз.

– Кезінде әкеңіз сізге мамандықтың қыр-сырын үйретті. Ал сіз өзіңізден кейінгі буынға қандай тәжірибені қалдырғыңыз келеді?

– Әкемнен үйренген ең басты нәрсе – мамандықты тек жұмыс ретінде емес, үлкен жауапкершілікпен қабылдау. Сондықтан өзімнен кейінгі буынға ең алдымен өз ісіне адал болуды, әр жұмысты жауапкершілікпен атқаруды және қандай жағдайда да ізденуден жалықпауды үйреткім келеді. Біздің салада теориялық біліммен қатар тәжірибенің де маңызы зор. Өзім білетін тәжірибемді кейінгі мамандармен бөлісіп, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, техниканы ұқыпты пайдалануға және әріптестермен бірлесе жұмыс істеуге бағыт беруге тырысамын. Әкемнен алған өнегені өзімнен кейінгі буынға жеткізу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені мамандықтың дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, әр буын өз үлесін қосқанда ғана сала дами береді. Бұл мамандықтың ең үлкен құндылығы – адамдарға қызмет етуінде деп ойлаймын. Байланыс бар жерде адамдар бір-бірімен тілдеседі, ақпарат алмасады, маңызды мәселелерін шешеді. Байланыс саласы үнемі ізденісті, жауапкершілікті және жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Алдағы уақытта да өз тәжірибеммен бөлісіп, жас мамандарға қолдау көрсетіп, учаскеміздің жұмысына өз үлесімді қоса беремін. Ең бастысы – жұмысты сапалы атқарып, халыққа үздіксіз әрі сенімді байланыс қызметін қамтамасыз ету.

– Бүгінде өзіңізден кейінгі ұрпақ та еңбек жолын қалыптастырып келеді. Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Жолдасым Нұрпейсова Айжан Ахметқызы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Үлкен ұлым Оспан Ернұр Естайұлы өрт сөндіру мекемесінде бастықтың міндетін атқарушы қызметінде. Кіші ұлым Оспан Ислам Естайұлы Қостанай қаласында IT бағытындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Келінім Ақгүл Қорғанқызы Шеген ауылында бухгалтер болып еңбек етеді. Бір немереміз бар, аты – Медина. Әркім өз саласын таңдағанымен, еңбекті қадірлеу, жауапкершілікпен жұмыс істеу сияқты қасиеттерді отбасымызда жоғары бағалаймыз.

– Рахмет!

Оспановтар әулетінің еңбек жолы бір мамандықтың бірнеше буын арқылы жалғасып, отбасылық құндылыққа айналғандай. Тұрсынбек Оспановтың 41 жылдық, Сағила Ахметованың 25 жылдық, Естай Оспановтың 28 жылдық және Амантай Оспановтың 20 жылдық еңбек жолы – байланыс саласына арналған 114 жылдық ортақ тәжірибе. Бұл жай ғана жыл санап өлшенетін еңбек өтілі емес. Оның ішінде талай жылдық тәжірибе, технологияның өзгерісі, ауыл-аймақтағы талай ақауды қалпына келтіру, адамдардың алғысы мен мамандыққа деген адалдық жатыр. Әкеден балаға берілген кәсіби тәжірибе бүгін жас буынға аманат болып жалғасып келеді. Ал байланыс саласының өзгеруімен бірге жаңарып отырған бұл дәстүрдің өзегінде бір ғана ұстаным бар – еңбекке адалдық және елге қызмет ету.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сұхбаттасқан – Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – кейіпкер

Жангелдин ауданы