Жангелдин ауданының орталығында жаңа баспаналар бой көтеру үстінде. Олар әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын тұрғындарға берілмек. Ауданға іссапармен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс барысымен танысты.
Торғай кентінде қазығы қағылған тұрғын үйлерді төрт жеке кәсіпкер салып жатыр. Әр баспана аумағы – 60 шаршы метр, екі пәтерден тұрады.
Осы үйлерді сатып алу үшін облыстық Құрылыс басқармасына өңір бюджетінен 432 млн теңге бөлу жөнінде өтінім жолданған. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен тұрмысы төмен отбасыларға табыс етіледі.



«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыты. Мемлекет басшысы қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз екенін айтқан еді. Кейінгі 3,5 жылда облыста шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 18,4 мың отбасы өз жағдайын жақсартты. 3 жыл ішінде облыста 1,7 мың әлеуметтік пәтер сатып алынды, оның ішінде Жангелдин ауданына 4 пәтер тиесілі. Қазір салынып жатқан 12 пәтер де кезекте тұрған баспанаға мұқтаж азаматтардың басты мәселесін шешіп бергелі отыр», — деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Осыдан соң облыс басшысы Торғай кентінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға назар салды. Екі жыл бұрын ашылған «Мерген» саябағына барып, таяуда орнатылған жаттығу алаңының, абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты.




Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
