Қостанайда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті

Қостанайда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын таныстыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғамдық пікір көшбасшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, қоғамдық ұйымдар және жастар қатысты. Сонымен қатар Алматыдан келген қаламгерлер – белгілі жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов және ақын Кәдірбек Құныпияұлы да жиынға қатысты. Сараптамалық кездесуді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жүргізді. Жиынды ашқан ол Мемлекет басшысының еңбегіне тоқталып, кітапта ел дамуының маңызды бағыттары мен қоғам алдында тұрған өзекті мәселелер кеңінен қамтылғанын атап өтті.

Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, Президенттің ішкі және сыртқы саясаттағы мол тәжірибесі еңбекте көрініс тауып, онда мемлекеттік басқару, қоғамдық даму және реформаларды жүзеге асыруға қатысты маңызды ой-тұжырымдар берілген.blank

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – мемлекет пен қоғам, билік пен азамат арасындағы қарым-қатынас, әр адамның елдің бүгіні мен болашағы алдындағы жауапкершілігі туралы ой қозғайтын еңбек. Сондықтан бүгінгі талқылау кітаптың мазмұнына үңіліп қана қоймай, қазіргі қоғамымыздың даму деңгейін бағамдап, Қазақстанды болашақта қандай ел ретінде көргіміз келетіні туралы ой бөлісуге мүмкіндік береді. Кітапта қамтылған рухани құндылықтар мен ел дамуына қатысты ойлар қоғам үшін маңызды танымдық әрі рухани құрал бола алады», – деді Бақытжан Нарымбетов.

blankБұдан кейін кітаптың мазмұны мен маңызы жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алды.

            Кітапта Мемлекет басшысының әр жылдардағы ой-тұжырымдары, ел дамуының сан алуан бағыттарына қатысты пікірлері жинақталған. Онда тәуелсіздік, ұлттық мүдде, еңбекқорлық, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, жастар тәрбиесі, заң мен тәртіп, тарихи сана және қоғамның рухани жаңғыруы секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам қалыптастыру, ұлттық бірлікті сақтау – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Ең бастысы, ел жаңа тарихи кезеңге бейімделе отырып, өзінің ұлттық болмысын жоғалтпауы керек», – деді Мәлік Отарбаев.

blankПрезидент кеңесшісі сөзінде жастардың қоғамдағы рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық өзгерістер жағдайында білімді, бәсекеге қабілетті әрі бастамашыл жастардың маңызы артып келеді.blank

            «Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі өзгерістердің де басты қозғаушы күші. Сондықтан оларға сапалы білім беріп, еңбекке араласуына, кәсіби дамуына және кәсіп бастауына мүмкіндік жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Алайда мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те қатар жүреді. Бүгінгі жас ұрпақ білімді ғана емес, елжанды болуы керек. Заманауи технологияларды меңгерумен қатар, ұлттық құндылықтарды қадірлеуі қажет. Жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті бола отырып, туған жері мен елі алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы әрқайсымызға өзімізге сұрақ қоюға итермелейді. Еліміздің дамуына қандай үлес қосып жүрміз? Балаларымызға қандай мұра қалдырамыз? Тәуелсіздігімізді қалай баянды етеміз? Осындай өмірлік сауалдарға жауап іздеу – бүгінгі саналы ұрпақтың басты міндеттерінің бірі», – деді Мәлік Отарбаев.

blankblankblankДөңгелек үстел барысында қоғам белсенділері, ақындар, ардагер ұстаздар мен жас мамандар да сөз алып, кітапта көтерілген мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар еңбектің мазмұнына тоқталып, оның қоғамдық маңызы мен жастар тәрбиесіндегі рөлі жөнінде пікір алмасты.blankblankblank

Іс-шара соңында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының даналары Қостанай облысының белсенді әрі талантты жастарына табысталды.blankblankblank

blank blankКітап төңірегіндегі тағылымды әңгіме, қатысушылардың пікірлері мен өзге де маңызды ой-тұжырымдар туралы газетіміздің алдағы санынан толық оқи аласыздар.

Айтолқын Айқадамова

Суреттерді түсірген – Василий Васильев