Жаңа құрал-жабдық, жаңа нысандар, бірақ дәрігер тапшы: Әулиекөл медицинасындағы басты мәселе

Жаңа құрал-жабдық, жаңа нысандар, бірақ дәрігер тапшы: Әулиекөл медицинасындағы басты мәселе

Әулиекөл ауданында тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғимараттардың жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Десе де ауданға жас мамандар ауадай қажет.

Ол туралы аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов айтты. Оның айтуынша, жекелеген медициналық ұйымдарда маман тапшылығы сезіледі. Осыған байланысты жас мамандарды ауданға тарту, оларды әлеуметтік қолдау және ауылдық жерлерде тұрақтап қалуына жағдай жасау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«Құсмұрын ауылдық ауруханасында акушер-гинеколог, хирург және жалпы тәжірибелік дәрігер бағыттары бойынша бос лауазымдар бар. Бұл мәселені шешу үшін мамандарды тартуға, оның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ерекше мән берілуде. Биыл бағдарлама аясында 18 маманға жалпы сомасы 184 млн теңге болатын бюджеттік кредит, сондай-ақ 50 маманға жалпы сомасы 22 млн теңге көлемінде көшуге арналған жәрдемақы қарастырылған. Жыл басынан бері мамандарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 32,4 млн теңгені құрайтын үш кредит берілді»,  – дейді.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Новоселов және Юльев ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салу жөніндегі жобалар әзірленуде. Жобалардың құны 266 млн теңге және 255 млн теңгені құрайды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА