«Тобылға» 30 млн теңге сыйақы: командаға жаңа инвестор келді 

«Тобылға» 30 млн теңге сыйақы: командаға жаңа инвестор келді 

Қостанай футболында маңызды өзгерістердің ауылы алыстамай тұр. Облыстағы футбол клубын дамытуға ірі кәсіпкер тартылды. «Олжа Агро» ЖШС «Тобылдың» құрылтайшылары құрамына еніп, клубтың болашағына инвестиция салуға кірісті.

Ал команданың Алматыдағы ірі жеңісінен кейін жаңа серіктес футболшыларға 30 млн теңге сыйақы аударған.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші Ұлттық құрылтайда Туризм және спорт министрлігіне, Қазақстан футбол федерациясына және жергілікті атқарушы органдарға футбол клубтарын коммерцияландыру жөнінде міндет қойған еді.

Президент кәсіпкерлерді футболға тек әлеуметтік жоба ретінде емес, бизнес тұрғысынан қарауға шақырған болатын.

Осы бастаманың аясында Қостанай облысында да нақты қадамдар жасала бастады.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, өңірде футбол клубын бизнестің белсенді араласуы арқылы дамытуға мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Олжа Агро» ЖШС футбол клубын дамыту ісін қолға алғалы жатыр. Компания клубтың құрылтайшылары құрамына енді. Биыл мемлекеттен 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы команданы дайындауға және түрлі шығындарға жұмсалып жатыр», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Оның айтуынша, клубтың академиясы да бар. Мұнда жас футболшылар білім алып, түрлі жарыстарға қатысады.

Яғни, клубтың болашағы тек негізгі құраммен шектелмей, балалар футболын дамытуға әлдеқашан бағытталып қойған.

«Олжа Агро» ЖШС бас директоры Әлішер Қожаназаров футбол клубына қатысты шешім бір күнде қабылданбағанын айтты. Әкімдікпен бірнеше кездесу өтіп, тараптар біртіндеп ортақ келісімге келген. Кәсіпкердің сөзінше, спорт саласына араласуға жеке қызығушылығы да бар. Ол облыстық гольф федерациясының президенті. Бұған қоса теннис федерациясын басқару туралы ұсыныс алғанымен, футболға басымдық беру үшін бұл ұсыныстан бас тартуға тура келген. Енді клубтағы негізгі жұмыстардың бір бөлігі жаңа президент Айдос Дүйсенбиевке жүктелмек. Ол бөлінген қаржының тиімді жұмсалуына және клубтың басқару жүйесіне жауап береді.

Әлішер Қожаназаров команданың Алматыдағы соңғы жеңісін ерекше атап өтті.

«Кеше ғана команда Алматыда ірі жеңіске жетті. Біз жанкүйерлікпен тағатсыздана тамашаладық. Жеңістен кейін үлкен қадамға бардық. Осындай жеңісті атап өткен дұрыс деп, сыйақы тағайындауды ұйғардық. 30 млн теңге аудардық», – деді ол.

Компания басшысы алда әлі бірнеше маңызды ойын бар екенін айтып, футболшылардың қалған кездесулерде де жеңіске жетуге қауқары жететініне сенім білдірді.

«Қалған төрт ойын үйде, біреуі қонақта екен. Барлығын жеңуге жігіттердің қауқары жетеді. Ондай ерліктерді болашақта атап өтпесек, жігері жасуы мүмкін. Сондықтан еңбегі еленуі керек», – деді Әлішер Қожаназаров.

Кәсіпкер үшін клубқа бөлінген қаражаттың нақты әрі тиімді жұмсалуы маңызды. Оның айтуынша, ойыншылардың, бапкерлердің және клуб қызметкерлерінің еңбегі дер кезінде бағалануы тиіс.

«Бөлінген ақшаның ойыншылар мен бапкерге, қызметкерлерге уақытылы жеткенін қалаймыз. Еңбек ақталуы қажет. Бағытымызды айқындап алу маңызды», – дейді ол.

Бұл жерде клубтың академиясына да ерекше мән берілмек.

Әлішер Қожаназаровтың пайымынша, дұрыс жолға қойылған академия болашақта клуб үшін тек спорттық база емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді бағытқа айналуы мүмкін. Яғни жас футболшыларды дайындап, кейін оларды ірі клубтарға өткізу арқылы қосымша табыс көзін қалыптастыруға болады.

«Академияда балаларды дайындап, үлкен клубтарға сату жұмыстарын жүргізуге болады. Бұл бағытты бизнес-жоспарға енгізу үшін әлі де жұмыс істеу қажет», – деді ол.

Ал клубтың жаңа президенті Айдос Дүйсенбиев алда үлкен жауапкершілік тұрғанын жақсы түсінеді.

Оның айтуынша, ең алдымен клубтың қазіргі жағдайына толық аудит жүргізіліп, қаржылық бағыт айқындалады. Бұдан кейін менеджмент пен басқару жүйесін қалыптастыру қолға алынбақ.

«Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Клубтың тарихын білеміз. Талай жетістікке жеткен ұжым. Алдымен аудит жүргізіп, қаржылық бағытты анықтаймыз. Клубтың менеджменті мен жүйесін қалыптастыруға ұмтыламыз. Үлкен мақсатымыз бар», – деді Айдос Дүйсенбиев.

Осылайша Қостанай футболында жаңа кезең басталғалы тұр. Мемлекеттік қаржыландырумен қатар жеке бизнестің араласуы клубтың басқару жүйесін өзгертіп, қаржылық тұрақтылығын арттыруы мүмкін. Ең бастысы – бұл бастама футболды тек бюджетке тәуелді спорт түрінен кәсіби әрі өзін-өзі ақтай алатын жүйеге айналдыруға жасалған қадам болмақ.

Ал «Тобылдың» алдағы ойындары бұл жаңа серіктестіктің алғашқы нәтижесін көрсетуі мүмкін. Қазір жанкүйерлер үшін ең маңыздысы – алаңдағы жеңіс. Ал клуб басшылығы үшін одан да ауқымды мақсат тұр – Қостанай футболының болашағын құру және оны бизнестің нақты бір бөлігіне айналдыру.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ