1 қыркүйек – білім күнін арқалықтықтар да үлкен үмітпен қарсы алды. Өңірде 24 мектеп, 1 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 3 қосымша білім беру мекемесі, 9 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.
Жалпы, Арқалық қаласы 2026-2027 оқу жылын 6481 оқушымен бастады. Мектеп табалдырғын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларының саны – 650 бала.
Өткен оқу жылын табысты аяқтағандардың бірі Ы.Алтынсарин атындағы гимназия болатын. «Облыстың үздік орта білім беру ұйымы» байқауының нәтижесінде қаланың үздік білім беру ұйымы атанып, 1,5 млн теңге сертификатқа ие болды. Сонымен қатар облыстық кезеңде де үздіктер қатарынан көрініп, 68 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақыны иеленді.
«Бұл – гимназиямыздың ұстаздары, оқушылары мен ата-аналарының бірлескен еңбегінің нақты нәтижесі. Ең бастысы, бұл қаражаттың барлығы гимназияның материалдық-техникалық базасын жаңартуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталуда», – дейді гимназия директоры Мұрат Рауылұлы.
Бүгінде гимназияда қазақ тілі, география, ағылшын тілі, жасанды интеллект және бастапқы әскери дайындық кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Білім сапасы бойынша да жоғары деңгейін дәлелдеді. 11-сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша облыс көлемінде жоғары көрсеткіш көрсетіп, облыстық білім басқармасының мадақтамасына ие болды. 

Өткен оқу жылында 3 «Алтын белгі» иегері, 4 үздік аттестат иегері түлеп ұшты. Ал биылғы оқу жылында 9 «Алтын белгіге» үміткер оқушылары бар.
Білім күні мерекесінде гимназия табалдырығын алғаш аттап отырған 5-сынып оқушылары ерекше қошеметпен қарсы алынды. Ұстаздар, ата-аналар жылы лебіздерін білдіріп, үлгілі білім ошағының үздік дәстүрінің жалғасты болуын тілейтіндіктерін жеткізді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
