Қостанай облысында  10,5 мың бала мектеп табалдырығын аттады

Қостанай облысында  10,5 мың бала мектеп табалдырығын аттады

Білім күні – әр оқушы үшін жаңа мүмкіндіктер мен үлкен армандарға бастайтын ерекше кезең. Биыл Қостанай облысында 10,5 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров айтты.

Өңір оқушыларының білім саласындағы жетістіктері де жыл сайын артып келеді. Биыл Қостанай облысының оқушылары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 23 медаль жеңіп алған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 8 медальға артық көрсеткіш.

Сонымен қатар республикалық деңгейдегі жүлдегерлер саны 39-дан 47-ге өскен. Облыс құрамасы республикалық пәндік олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша екінші командалық орынды, ал ғылыми жобалар конкурсында үшінші командалық орынды иеленді. Сондай-ақ өңірдің алты мектебі еліміздің үздік олимпиадалық мектептері қатарына енді.

«Қостанай облысы оқушыларының жетістіктерін мақтан тұтамыз. Биыл олар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 23 медаль жеңіп алды. Алдағы уақытта бұл нәтижелерді одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз. Жаңа оқу жылында білім беру жүйесінде балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтуға да ерекше мән берілмек. Осы мақсатта «Бір-бірімізге қарай» облыстық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерін бір командаға біріктіріп, балалардың мектептегі жаңа кезеңге сенімді қадам басуына қолдау көрсетуге бағытталған. Әр баланың мектепке сенімді қадам басуы маңызды. Осы бағытта тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің бірлескен жұмысы баланың жаңа ортаға бейімделуіне үлкен қолдау болады», – деді білім басқармасының басшысы.

Жаңа оқу жылы Қостанай облысының оқушылары үшін жаңа білім мен мүмкіндіктерге, жарқын жетістіктер мен жеңістерге толы болмақ. Өңірдің білім беру саласында қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі арттыру, жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын қолдау және әр балаға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.