Қостанай облысында өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы жіті талқыланды. Қауіпсіз еңбек – кез келген өндірістің басты талабы.
Ал жұмыс орнында адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, бұл тек статистикалық көрсеткіш емес, тұтас бір отбасының тағдырына әсер ететін мәселе.
Осыған байланысты облыс прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиында 2024–2025 жылдар және 2026 жылдың өткен кезеңіндегі жағдай жан-жақты қаралды.

Жалпы өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендегеніне қарамастан, салада шешімін күткен түйткілдер аз емес. Әсіресе жазатайым оқиғаларды есепке алу, оларды сапалы тергеп-тексеру және мұндай жағдайлардың алдын алу бағыттарында заң талаптарының сақталуына қатысты бірқатар мәселе анықталды.
Тексеру барысында өндірістік жарақаттанудың есепке алынбаған 26 жағдайы белгілі болған. Ең өкініштісі – олардың 16-сы адам өлімімен аяқталған.

Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардан түскен 22 хабарлама бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізілмеген. Ал тергеп-тексеру тәртібінің бұзылуына байланысты қабылданған шешімдердің 8-і сот арқылы жойылған.
Бұл деректер еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тек оқиға орын алғаннан кейін емес, оның алдын алу кезеңінде де жүйелі түрде қарау қажеттігін көрсетеді.
Отырыста облыс прокуроры Марат Сексембаев жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру сапасын арттыру, олардың нақты себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге ақпаратты тіркеу мен алмасудың заманауи цифрлық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолданыстағы ескірген нысандар мен құжаттарды жаңарту қажеттігіне назар аударды.
Алдын алу шаралары да күшейтілуі тиіс. Өйткені қайғылы жағдай орын алғаннан кейін әрекет ету – мәселенің салдарымен күресу ғана. Ал басты міндет – оның алдын алу.
Осы бағыттағы жұмыстарды талдау барысында ауыр және адам өліміне әкелген жазатайым оқиғалар тіркелген 9 кәсіпорынның тиісті профилактикалық іс-шаралармен қамтылмағаны анықталды.
Осыған орай полиция мен Еңбек инспекциясы департаментінің ақпараттық базаларын ықпалдастыру, мәліметтерді тұрақты түрде салыстырып, тәуекелі жоғары кәсіпорындарды дер кезінде анықтау ұсынылды.
Еңбек қауіпсіздігімен қатар, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тексеру барысында азаматтардың еңбек құқықтарына қатысты 1,5 мыңнан астам өтініштің толық көлемде қаралмағаны анықталды.
Әрбір өтініштің артында – өзінің құқығын қорғауға тырысқан адам. Сондықтан еңбек заңнамасының сақталуы тек жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынас емес, заң үстемдігі мен азаматтың мемлекетке деген сеніміне тікелей қатысты мәселе.
Анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша Қостанай облысының прокуратурасы прокурорлық ден қою шараларын қабылдады.
Еңбек адамының өмірі мен құқығын қорғау – кез келген өндірістік көрсеткіштен жоғары тұратын құндылық. Сондықтан азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.
