Әлеуметтік көмекке 2,2 миллиард теңге

Әлеуметтік көмекке 2,2 миллиард теңге

Қостанайда осы жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға 2,2 миллиард теңге бөлінді. Тамыз айында бөлінген қаражаттың 1,2 миллиард теңгесі игерілгені белгілі болды.

«Өткен жылмен салыстырсақ әлеуметтік көмекке бағытталған қаржының көлемі биыл ұлғайды. Өйткені, жеке абилитация және оңалту бағдарламалары әзірленген мүгедектігі бар адамдар саны жылма жыл артуда. Сондай-ақ оңалтуға арналған көмекші құралдардың бағасы да өсуде. Соған сәйкес қаржыландыру да көбейді», – деп түсіндірді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Биылғы жылдың бірінші жартысында 7608 адам техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Жылдың соңына дейін мүгедектігі бар адамдарды тиісті гигиеналық құралдармен және санаторий-курорттық емдеумен, сондай-ақ инвотакси қызметімен толық қамтамасыз ету үшін қосымша қаржыландыру қажеттілігі туындап отыр.

Бір әттеген-айы, бүгінде абилитация және оңалтудың жеке бағдарламасын жүзеге асыру кезінде сәл сылбырлық байқалуда. Оның өзіндік себебі де белгілі. Мүгедектігі бар адамдар  оңалту құралдарын алуға өтінім беріп, рәсімдеу жұмысын аяқсыз қалдырады. Қазір мұндай өтінім берушілердің саны – 223 адамға жеткен.

Бұл бағдарлама жай ғана құжат емес. Мүгедектігі бар адамға нақты қандай көмек қажет екенін айқындайтын жеке жоспар. Оны медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары адамның денсаулық жағдайы мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып әзірлейді. Құжатта оңалту мен абилитацияның нақты көлемі, түрлері және орындау мерзімдеріне дейін айқындалады. Осы бағдарлама шеңберінде мүгедектігі бар азаматтар тиісті көмекті алуына құқылы.

«Мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету жұмысы абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде іске асырылады. Барлық көмек түріне әлеуметтік қызмет порталында онлайн режимде тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған»,-дейді Ақбөпе Манатова

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Василий Васильев