Өңірімізде елсізде елеусіз жатқан, тың игеру жылдары соқа астында қалып, бүгінде көзден таса болған қасиетті орындар аз емес. Солардың бірі – Меңдіқара ауданындағы Лоба ауылының маңында, егін алқабының ортасында жатқан Дүрен ана обасы. Бұл көне нысанның тарихы мен қасиеті туралы кезінде дүйім ел білетін, ал қазір тек көнекөз қариялардың естелігінде ғана қалды.
Мектеп оқушысы ретінде осы көне тарихты зерделеп, ақсақалдарымыздың айтқан әңгімелерін тізбектеп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім. Өйткені аталар сөзі – ұрпаққа аманат.
Дүрен ана кім болған?
Өңір шежіресін құнттап жинап жүрген Қостанай қаласының тұрғыны, зейнеткер Жанбосын Сейітбаев ақсақал бұл киелі орынның қасиеті ұмыт қала ма алаңдайтынын жасырмайды.
«Дүрен ананың тарихын жастар тұрмақ біздің қатарымыздағылардың көбі білмейді. Біледі деген біздер үнсіз кетсек, тарих ұмытылады. Аталарымыздан ауызша жеткен әңгіме бойынша, Дүрен ана жаугершілік заманда ел-жұртқа пана болып, жер қорғаған, жау қолына қарсы шауып қорамсаққа қол салған аруақты кісі болған екен. Обаған өзенін бойлай ел қоныстандырған. Дүрен ана жер дауы, жесір дауы, жетім ақысы сияқты ел ішіндегі мәселелерді де реттеп, керек кезінде билікке араласып отырған», – дейді Жанбосын ағай.
Халық аузында бұл тұлға кейде «Дүрен қыз», кейде «Дүрен кемпір» деп те аталады.
Меңдіқара өңіріндегі Балықты ауылының ақсақалы Нұртай Қожахмет бала кезіндегі әсерлі естеліктерімен бөліседі. Оның айтуынша, бұрын бұл оба кәдімгі таудай биік көрінетін болған екен:
– Бала кезімізде Құрсай деген жердегі егіншілер қосынына тамақ апарып тұратынбыз. Сол кездері Дүрен обасы кәдімгідей тау сияқты биік көрінетін. Обаның биігіне шығып қарағанда Лоба, Балықты ауылдары төменде, аяқтың астында сияқты болып көрінетін. Үлкендер балалардың аруақты кісі жатқан маңайға барып ойнауына, ол жақты нұсқап сұқ саусағын шошайтуға, обаның үстіне шығуға қатаң тыйым салып отыратын. Дүрен анамыз ел басына күн туған шақта ер-азаматтармен қатар қайрат қылып, жер қорғаған, дана әйел болған деседі, — дейді Нұртай ақсақал.
Лоба ауылының тұрғыны, 1954 жылдан бастап тың көтеру жұмыстарына қатысқан ардагер механизатор Біржан Есболов қария өкінішті жайттарды еске алады.
«Тың игеру жылдары киелі оба егіннің ортасында қалып, маңайы егістікке айналды. Қазақ механизаторлар соқа сүйресек те, жер тырмаласақ та обаға жақындамай, трактордың сайманын көтеріп, алыстан айналып өтетінбіз. Бірақ тілі мен діні басқа кейбір тракторшылар ештеңеге қарамады. Қызық көріп шынжыр табан тракторымен обаның үстіне шығып, арлы-берлі ойқастап кететін. Ақыры обаның айналасындағы зираттар тып-типыл тегістеліп, егістікке айналып кетті», – дейді Біржан ақсақал.
Қарияның айтуынша, обаның қасиетіне тіл тигізіп, үстінде трактор ойнақтатқандардың кейін ешқайсысы оңбаған. Ал бұрын жолаушылардың бәрі осы обаның басына тоқтап, Құран оқып, дұға бағыштап өтетін болған. Кейін егін тапталады деген сылтаумен жол жабылып, бұл киелі орын адам бара алмайтын күйге түскен.
Жетпіс жылдан кейін қойылған белгі
Қазіргі таңда Дүрен ана обасы Меңдіқара ауданындағы Красная Пресня ауылынан Обағанға апаратын күре жолдың оң жағында, шамамен екі шақырымдай жерде жатыр. Обаның шеті еңкіш тартқанымен, биіктігі әлі де бір жарым-екі метрге жуық, ал диаметрі 15 метрдей болады.
Менің осы тақырыпты әлі де зерттемек ниетім бар. Себебі, бұрынғы бабаларымыз қарапайым адамға осыншалық үлкен кесене қойып, күмбез соқпайды. Әсіресе, оба-төбешіктер заманында белгілі би, әулие, батыр, ел билеген тұлғаларға қойылады.
Бүгінгі ұрпақ аталарының жасаған тарихи істерін жаңаша көзқараспен бағалап, 2024 жылы 21 қыркүйекте қызыл күрең гранитпен Матақай ұрпақтарының атынан Дүрен ана обасына мәңгілік ескерткіш-белгі қойылды. Аңызға мәлім болған, жетпіс жыл қараусыз жатқан бұл обаға ескерткіш орнатуға тарихшы, профессор Аманжол Күзембайұлы, ел ағалары Мақсұт Бақпасов, Өзбек Қазин мұрындық болыпты.
Өткенін ұмытпаған халықтың болашағы да жарқын болмақ. Туған жердің әрбір тасы мен тарихын білу – бәрімізге ортақ парыз! Өз өңіріңіздегі осындай көзден таса қалған тарихи орындар туралы естігеніңіз бар ма?
Айзия ҚЫДЫРБЕКҚЫЗЫ,
Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның оқушысы
