Мұғалім мамандар әлі де тапшы

Мұғалім мамандар әлі де тапшы

Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалғанда Қостанай облысындағы мектептер мен балабақшалардың дайындығы пысықталды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде білім беру ғимараттарының жөндеу жұмыстары барысы, балалардың қауіпсіздігі, жылу маусымына әзірлік және кадр мәселесі қатаң сыннан өтті.

Биыл білім саласына қомақты қаржы бөлінгенімен, бірқатар нысандарды уақытында тапсыру әлі де басты бақылауда тұр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, жаңа оқу жылында аймақта 648 мемлекеттік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 113 балабақша, 432 мектеп, 24 колледж, 33 арнайы білім беру ұйымы, 46 қосымша білім беру ұйымы бар. Жалпы бұл ұйымдарда 150 мыңға жуық бала білім алады. Оның ішінде 432 мектепте 111 343 оқушы оқиды.

«Биыл 1-сыныпқа қабылдау жоспары – 10,5 мың балаға жетті. Қазіргі таңда 9,2 мыңнан астам бала қабылданды. Оның ішінде қазақ тілінде оқуға – 3 мыңнан астам, орыс тілінде оқуға – 6,2 өтініш берді. Қабылдау жұмыстары 31 тамызға дейін жалғасады», – деді Ардақ Бегатаров.

Биыл 113 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 7 нысанға күрделі жөндеуге – 2,2 млрд теңге, 106 нысанға ағымдағы жөндеуге – 3,2 млрд теңге қарастырылған. Күрделі жөндеу 4 нысанда толық аяқталды. Қостанай қаласының №122 НОМ, Қарабалық ауданы Боскөл ЖББМ, Лисаков техникалық колледжі, Әулиекөл ауданы – Диев ЖББМ. Алайда, Жітіқара гимназиясы мен Арқалық қаласындағы М.Әуезов атындағы №5 мектептегі жұмыстар 25 тамызға дейін толық бітеді деп жоспарлануда.

blank

Ал Федоров ауданындағы Кеңарал мектебінде күрделі жөндеу келісімшарт мерзіміне сәйкес 30 қазанға дейін созылады. Осы уақыт аралығында 110 оқушы аудандық әкімдік пен орман шаруашылығы ғимараттарында екі ауысымда оқитын болады. Ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан 106 нысанның 68-інде жұмыс аяқталған, қалған 38 нысан 30 тамызға дейін сапқа қосылуы тиіс.
Облыстағы білім беру ұйымдарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары да бақылауда. 345 ұйым орталықтандырылған жылуға қосылған, 245 ұйым қатты отынмен (көмір) жылытылады, 53 ұйым – газбен, 5 ұйым электр жылыту жүйесін пайдаланады.

Аймақтың жалпы көмірге қажеттілігі 69 674 тоннаны құрайды. Бүгінде 61 642 тонна (88,5%) жеткізілді. Қалған көмір тамыз айының соңына дейін толық әкелінеді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Құрмашұлының айтуынша, қазіргі таңда білім беру ұйымдарының басшылары бойынша 50 бос орын бар (балабақшада – 15, мектепте – 27, қосымша білім беру ұйымында – 8). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 орынға аз. Мәселені шешу үшін министрлікпен бірлесіп шағын жинақты мектеп басшыларына қойылатын талаптар «педагог-модератор» деңгейіне дейін түсірілген. Осының арқасында оқу жылы басталғанға дейін 16 басшының бос орны жабылады деп жоспарлануда. Қалған 34 бос орынды толтыру үшін кадр резервімен жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.

Кейбір аудандарда кадр мәселесі өткір тұр. Мәселен, Қарасу ауданының орталығына қазірдің өзінде бес мұғалім ауадай қажет.

«Бұдан бөлек, педагогтердің 65 бос жұмыс орны бар. Ең көп сұраныс математика, көркем еңбек, орыс тілі мен әдебиеті, физика және информатика пәндері мұғалімдеріне. Кадр тапшылығын шешу үшін жаңа оқу жылында 222 жас маман қабылданады. Рудный, Қостанай, Арқалық қалалары мен Федоров, Қамысты, Қарабалық аудандарына барып жатыр. Сонымен қатар, педагогтерді тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізудеміз.

Дегенмен, ауылдық жерлерге мамандарды тарту үшін қажетті жағдайлар жасау және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында әкімдіктер тарапынан қолдау көрсетуді сұраймыз», — деді Ардақ Бегатаров.

Отырыс барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне жас мамандарды тарту ісін жандандыруды талап етіп, қай аудан,қалаларда кадр жетіспейтінін сұрап білді.
Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов бұл мәселенің түпкі себебі тұрғын үй мен көгілдір отынның жоқтығына тірелетінін, салдарынан жас мамандардың ауданға барғысы келмейтінін жеткізді.

Бұған жауап ретінде өңір басшысы кадр мәселесін шешу әрбір әкімнің тікелей міндеті екенін қатаң ескертті.

blank

«Менімен кездескенде кәсіпкерлер әрдайым ауылды ұстап тұру үшін мектептің жабылмауын сұрайды. Мектеп жабылса, жұмыс істейтін азаматтар ауылда қалмайды, артынан ауыл да тарап кетеді. Әр әкім мұны жақсы білуі тиіс. Аудан әкімдеріне кадр тапшылығын шешу жөнінде нақты тапсырма беремін. Мемлекеттің қолдау механизмдері бар, бизнестің де жауапкершілігін ұмытпауымыз керек», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитовтың айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда мектеп медицинасы жаңа стандартқа көшеді.

blank

«1 қыркүйектен бастап бір реттік қараулар жүйелі түрдегі цифрлық сүйемелдеуге ауысады. Заманауи диагностикалық құралдардың көмегімен ауруларды ерте анықтап, мәліметтерді электронды базаға автоматты түрде тіркеу қолға алынады», – деді Еркебұлан Баязитов.

Медициналық қызметті жаңғырту шеңберінде оқу жылы басталғанға дейін орта медициналық қызметкер арналған оқыту курстары мен 28 комплект диагностикалық жабдықты жеткізу жұмыстары толық аяқталады.

Жиын соңында сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақлов өңірде білім саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы үш жылда Қостанай облысының білім беру саласының бюджеті 1,3 есе өсіп, 227,1 млрд теңгеге жетті (бұл облыс бюджетінің 34%-ын құрайды). Өңірде 10 білім ордасы салынса, оның алтауы – заманауи «Келешек мектептері». Мектептердегі орын тапшылығы 3 есеге азайып (7 500-ден 2 500-ге дейін түскен), бұл мәселені түпкілікті шешу үшін тағы 2 мектеп салынады», – деді Құмар Ақсақалов.

2023 жылдан бері бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып келеді. Биыл 43,5 мың оқушыны сапалы тамақпен қамтамасыз ету үшін 5,6 млрд теңге бөлінді.

«Бірде-бір білім беру нысанында санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ асхана болмауы тиіс. Өңір әкімдері бұл мәселені қатаң бақылауға алсын» – деп қатаң тапсырма берді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді, өрт және террористік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Мектеп маңындағы жол белгілері мен жарықтандыру жүйелерін де ретке келтіру міндеттелді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ