Жазба айтыс: Батырлан Сағынтаев пен Злиха Кенжеғозина

Жазба айтыс: Батырлан Сағынтаев пен Злиха Кенжеғозина

«Ұлылар ұлттың ұстыны» облыстық жазба айтысының екінші айналымы жалғасып жатыр. Бүгін жырсүйер қауым назарына кезекті жұптың сөз сайысын ұсынамыз. Арқалықтың азулы ақыны Батырлан Сағынтаев пен Жангелдин ауданынан топқа түскен дарын Злиха Кенжеғозина бәсекеге түседі. Сахнада да, жазба айтыста да сан мәрте жолдары түйіскен «қарсыластар» бүгін де ел көңілін баурайтын ерекше айтыс жасады деп сенеміз! Бірге оқиық!

Батырлан:
Өлеңменен жаңғырып өмір бүгін,
Өзегіне жан кіріп төгіл, жырым.
Ағыл-тегіл алғаусыз сыр ақтарып,
Ағартайық, аршиық көңіл кірін.

Ақтарылмай қанша ақын арманда өтті,
Қаншасында аңсар мен арман кетті.
Шайыр болып шарқ ұрып талайлары,
Ақ парақты қаралап салды өрнекті.
Күйкі өмірді тәрк етіп, күле қарар,
Жалғандағы баққұмар жандарға епті,
Мұра қылып қабылдап алдық біздер,
Өлең атты Абайдан қалған дерті…

Жалмаған жан қалдырмай төңіректі,
Қайтеміз ажал деген әбілетті.
Талайлар қас-қағымда қапылыс қап,
Көзді ашып-жұмғанынша өмірі өтті.
Айрылып Салтанаттай ақынынан,
Қайғырып көңілдердің сәні кетті.
Көз қарыған өлеңнің ақ жұлдызы
Қара аспанды қақ жарып ағып өтті.
Қанатын жайып қара әзірейіл,
Қаралы хабар келіп тағы жетті.
Жанұзақ ағамыз да дүние салып,
Аяздай жанымызды қарып өтті.
Көндіріп тәңір ісі, тағдыр күші,
Сөндіріп сабыр іште жалын өрті.
Қайғыңа ортақтасып айттым көңіл,
Қалың ел көңілі мұңды, жаны дертті.

Ақынның ой қазнасы, жыр ырысы,
Тұрса егер тұма өлеңге тұнып іші,
Қалмайды қаламынан қалтарыста,
Ғаламның ең кішкентай құбылысы.
Жақсы өлең жаза білсек жазба айтыста,
Қалмас па оқырманның жылып іші.
Алғашқы айналымда-ақ шаппай озған,
Ақынның келді, міне, дүр ірісі.
Алғысын ағайынның алып жүрген,
Армысың Мәриямның сіңілісі.
Алдыңнан жолығып тұр құшақ жайып,
Айтулы Кеңшіліктің бір інісі.

Жырыңда көркем ойлы нақыш бар ма,
Ой тастап кеттің бірақ оқыс жанға.
Ауылыңа бір айда екі бардық,
Торғай той өткізгенде жатыс бар ма?!
Еске алып Кеңшілікті жыр оқыдық,
Жанардан жарқыл қағып от ұшқанда.
Өткізді Серік ақын сексен жасын,
Хақым жоқ іні болып қатыспауға.
Көрмедім көп ішінен сізді бірақ,
Ақындар келді шығыс, батыстан да.
Жаннадай жырыңды оқып бермесең де,
Шылбырды ап шықпадың-ау ат ұстауға.
Тойында қос ақынның жоқсың десем,
Санама шатақ іздеп шатысқанға.
Қаламдас қайраткер деп іздегенім,
Өлеңге санап едім, о, құштарға.
Әйтеуір шүкір дейміз Кеңшілікке
Арналған осы айтысқа қатысқанға.

Хат жаздым қалам алып сізге, жеңгем,
Олқы орын алмап едің ізгі өнерден.
Кез келдік кезеңінде жазба айтыстың,
Кезікпес ақын едің іздегенмен.
Сөзі отты, ойы кемел бір жүйріксің,
Шідерін ширақ жүріп үзбегенмен.
Кетейік бауыр жазып біз айтыста,
Жамбылдай болмасақ та жүзге келген.
Диірменнің тасындай шыр айналып,
Дүниенің кезегі бұл бізге келген.

Злиха:

Мұра боп жеткен бізге ғасырлардан,
Бұл өлең қалған небір асылдардан.
Теледидар дамымай тұрған кезде,
Газеттің қызметі басым болған.
Қызыл тіл тентектерді тезге салып,
Сөз ұқпас ақымақтың басын жарған.
Жазба айтыс өтеді деп естігенде,
Халықтың арманына қосылды арман.
Айтыс үшін газетке жазылады ел,
Не өзгерер ол жағын жасырғаннан.
Сондықтан сүбелі сөз жазалық біз,
Кезім жоқ жыр дегенде масыл болған.
Армысың, адал көңіл, арда қазақ,
Өзіңе тәнтімін мен бас ұрғаннан.
Әлімізше көрейік жырлап бүгін,
Аспасақ та Абай мен Қасымдардан.

Кем емес дүниенің дәмі балдан,
Тірлікте бәрі өткінші, бәрі жалған.
Айырылып жыр өнері жүйрігінен,
Қол бұлғап Салтанат боп сағым алдан.
Жанұзақтай журналист ағамыз да
Хақтан келген бұйрықты қабыл алған.
Қу түлкідей алдамшы қу тіршілік
Қалмап па еді бай менен бағланнан.
Ол жақта бай, кедей боп бөлінбейміз,
Жәннатқа барар ізгілік дарыған жан.
Салтанат ізгі мінез, адал жан ед,
Айтып тұрмын мен оны танығаннан.
Алыс сапар шеккенде ақын қызың,
Жол-көлік оқиғасы орын алған.
Қайғырып көңіл айтам жырмен бүгін
Қазаққа қабырғалы, қалың орман.
Құрсақта жатқан кезде-ақ әрбір жанның
Жазады маңдайына заңын Аллам.
Біреулерге боп жүрсе көлік арман,
Сол көлік біреулердің соры болған.
Білеміз өмір барда өлім барын,
Қайда барсаң Қорқыттың көрі болған.
Бәріміз Жаратқанға қайтушымыз,
Еткенге сауап берер сабыр Аллам.
Сынағы бұл өмірдің таусылғанда,
Шығады төмпешік боп қабір алдан.

Бос сөз бен өсек болып ұрандары,
Жете алмай жарты күнге шыдамдары,
«Финалға шаппай өттің» деп шамданып,
Батырлан бүгін маған жыр арнады.
Әуелі алайыншы амандасып,
Тазалап ойларыңды тұмандағы.
Арқалықтың ақыны, аманбысың,
Ел-жұртына танымал, ұнамды әрі.
Еламандай жерлесің екі сөйлеп,
Елге берген сертінде тұра алмады.
Сылтау етпес нәрсені сандырақтап,
Елге арнап есті өлең шығармады.
Өткенде бас жүлдені беріп еңдер,
Ақ сөйлеп, көңілдерден шыға алмады.
Қайсы сөзін бағалап, бал беріп ед,
Ол бірақ жүлде құнын біле алмады.
Жүлде құнын сезіну былай тұрсын,
Қара өлеңнің салмағын ұға алмады.
Айтыста қарсыласым болады ылғи
Арқаның Батырландай ұландары.
Көр-жерді сөз етуден аспай жатыр
Қазіргінің көкке ұшар қырандары.

Сөзімнің бойласаңшы тереңіне,
Ақындық кір келтірмей беделіңе.
Өткір тілмен өрнекте ойларыңды,
Өсек араластырмай өлеңіңе.
Жауап беріп көрейін енді өзімше
Жыр кешіне келмедің дегеніне.
Қазақ тілі болғанмен мамандығым,
Жолы болып жүйрігің желеді ме?!
Шетел тілі пәнінен сабақ берем,
Қазақтың қара көзді өреніне.
Тіл саласына қатысы жоқ деп бұның,
Көбісі кеуделерін кереді ме?
Ақындық қанымда бар, жанымда бар,
Өлеңнің әуес болған әлегіне.
Біздің жақта айтысты қолдамайды,
Келтірсем сенемісің дәлеліме?
«Жас ақындар үйірмесі атымен жоқ»
Дегеніме бұл қайным сенеді ме?
Кешегі Сырбай менен Ғафу жаққан
Өлеңнің шамшырағы сөнеді ме?
Нұрхан мен Нұржандардан қалған өлең
Жалғасын таба алмаса өледі ме?
Екіншіден, шақырту алған жоқпын,
Ақын деп мені билік еледі ме?
Шақырылмаған жерге барып, Батырланым,
Сыпырылмаған жерге отырып керегі не?!

Батырлан:
Еламан атанса да елге жырау,
Ақындық алғырлығын көрмедің-ау.
Өзіңді сыйлап жүрген інің еді,
Аямай оған қылыш сермедің-ау.
«Сандырақтап, есті өлең шығармад» деп,
Жер қылып ел алдында жерледің-ау.
Салмағын қара өлеңнің ұға алмаса,
Ол қалай ұнады екен елге мынау?
Бар ақын баласы еді бір ананың,
Бір-бірін дұрыс па екен көргені жау.
Злиха, ойланарсың терең қарап,
Себепсіз кінә тағу сендегі дау.
Жол беріп, сыйлап тұрған ақынға да,
Жұлмалап абыройды бермедің-ау.

Кеткенде ойдан қуат, бойдан дәрмен,
Табаным табыласың тайған жерден.
Еламан жерлесің деп маған сүйеп,
Өзіңше асырмақсың айлаңды елден.
Несіне бөліп-жарып сөз арнадың,
Ел бірге, жер де ортақ, қайран жеңгем.
Жерде жүрген адамның бәрі жерлес,
Ешкім де жоқ еді ғой айдан келген.

Егессең, ертеңіңді сор қылмақсың,
Елдессең, ел-жұртыңды қор қылмассың.
Дүр ақын шаппай озған деп мақтап ем,
Айшылық алыс жолға болдырмассың.
Бос сөз бен өсекті ұран етті екен деп,
Біздерге пейіліңді оң қылмапсың.
Көр-жерді сөз етуден аспайды деп,
Байқаймын, бізге тағы тор құрмақсың.
Әй, бірақ оған несін таңғалайын,
Түк ұқпас бірі емеспін балғын жастың.
Жол берген Еламанды жамандасаң,
Айтысқан мені, тіпті, оңдырмассың.

Байқаймын сөздеріңде сұс бар бүгін,
Тізгінді ақын едің ұстар мығым.
Айтайын мен өзіңе бір хикая,
Өлеңге артар бәлкім құштарлығың.

Толғанда Нұрхан ақын алпыс жасқа,
Естілді той хабары бар тұстасқа.
Жақсы мен жайсаңдарды күтті Торғай,
Кім келмес абырой мен даңқ ұштасса.

Сол шақта Нұрхан ақын жатыр тілсіз,
Тілсізде қалған емес ақын құнсыз.
Келгенін талай жақсы сол жиынға,
Сезіп-ақ отырсыз-ау, оқушым, сіз.
(Алпыс түгіл сексенге жетсең-дағы,
Келмейді кейбір ақын шақыртусыз)

Алыстан келді бірге Сырбай, Ғафу,
Ақында жан бар ма екен мұндай тату.
Ағаның мерейтойы болып жатса,
Алғаусыз көңілді жөн бір байқату.

Іргесін туған елдің бүтіндеп бір,
Қалың ел қуанышқа шүкір деп тұр.
Аспан, жер аппақ нұрға малынғандай,
Қарт Торғай өлең толып шүпілдеп тұр.

Алыстан жетсе талай жақсы қонақ –
Есіктен қарағаны бақ сығалап.
Кеңшілік, Серікпенен онда жас қой,
Ауылы шетте жатқан Ақшығанақ.

(Өлеңге махаббатың болса егерде,
Өлгенше жүрегіңнен ол сөнер ме?!)
Екеуі қарт Торғайға жүріп кетті,
Қайталап Нұрхан жырын жол шегерде.

Жас бала жолға шыққан жаяу-жалпы,
Қай жерге жетер дейсің баяу қалпы.
Құштарлық жол бастады жырға деген,
Таланттар еді тұрған таяу даңқы.

Әупрімдеп сексен шақырым өтті екеуі,
Торғайға тойға келіп жетті екеуі.
Кеңшілік Нұрханға арнап жыр оқыған,
Көрінді өлеңінің отты екені.
Ағаның тойында қызмет қылғаннан соң
Көңілі Серіктің де тоқ кетеді.

Қайтадан ауылына кетті екеуі,
Осылай жырға сапар шекті екеуі.
Жолынан жас та болса жаңылмаған,
Ақынның бір-біріне жоқ бөтені.
Сол Серік сексен жаста елге келді,
Аялап күтті туған бақ мекені.
(Тойға кеп өлең арнау былай тұрсын,
Ақ жеңгем «шақырмад» деп өкпе етеді).

Келтірсем мысалымды тағы да бір,
Құяйын өлеңменен жаныңа нұр.
Жүз жасқа жеткен Жамбыл жырау жайлы,
Куәгер тарихына кәрі дәуір.

Қысылып дәрмен тілеп жан құдайдан,
Қызған шақ қырық үште қанды майдан.
Айтулы айтыс болды Алматыда,
Елге ұран сөз шығар деп алғыр ойдан.

Алдыңнан өлең десең шығар ізі,
Жасында тоқсан жеті жыр абызы.
Қолында қарт серігі домбырасы,
Аузында айтар жыры, уағызы,
Айтысқа жиналысып мықты кілең,
Қазақтың жерінің түп-түкпірінен,
Келгенде Алатаудың баурайына,
Алдынан ақындардың шықты, білем.

Сүлдесін жүзге таяу сүйреп келіп,
Қарттықты отырған жан үйде өткеріп,
Ауылыма ақындар кеп жетті деп,
Жыр айтты, шықты өлеңі түйдектеліп.

Білсе де шалдыққанын, шаршау барын,
Жұтқызып жыр қымызын, ән саумалын,
Үйінде жатып алмай жұрт көріпті,
Жүзге кеп ақындарды қарсы алғанын.
(О, сонда сезініпті ел, қарт Жамбылда
Өлеңге деген қанша аңсар барын)
Қырыққа жетпей жеңгем қырсығып жүр,
Бір сөзге артып елдің бар салмағын.
Шақырту алмадым деп өз аулында,
Шеңберлеп сызып алды-ау қоршауларын.
Өлеңді жаны құшқан, алып ұшқан,
Ақынның жаны қайда аңсар жалын.

Өкпемен өлең қылып бар ойыңды,
Барасың қырып-жойып маңайыңды.
Айтысты кім демеп, кім қолдамасын,
Айтпай-ақ сезіп, біліп ел айырды.
Алдымен өз басыңнан бастау керек,
Ақындық ашып кеңге сарайыңды.
Өлеңге үйірмесіз үйір болып,
Жасыңнан сынамап па ең талайыңды.
Биліктен демеу күтпе ақынмын деп,
Байқадым қолдау сұрар қолайыңды.
Жастарды тәрбиелеу жөн десек те,
Келтіру керек оған орайыңды.
Үйіңнен ақын келсе шықпай жатып,
Үйірмеде бермексің қалай үлгі?
Өзіңнен бастамасаң, ақ жеңеше,
Өзгелерден күтесің не қайырды?

Злиха:

Жастарға үйретер қыр-сырын төкпе жырдың,
Жоқ екенін айтып ем мектебіңнің,
Ойларымды бұрмалап басқа жаққа,
Сен менің сөздеріме текке күлдің.
Шақырту алмадым деп өкпелемей,
Айтыс кенже қалды деп өкпе қылдым.
Ғылыми мамансың ғой мұражайда,
Зерттеген Торғайымның өткенін мың.
Бірақ та бүгінінен бейхабарсың,
Ел жайына жоламай шетте жүрдің.
Кеуде керіп сөйлеген сөздеріңнен,
Күйі жақсы сен маған тоқ көріндің.
Тоқ бала аш баламен ойнамаған,
Торғайлық туыстарға жат көріндің.
Злихадан жеңіліп қалмау үшін
Сайыста сауысқандай сақ көріндің.
Үкіметтің көмегін көрмей жүрген
Әу-жайына қарасай текті елімнің.
Жарамызды өзіміз жалап жазсақ,
Керегі не бізге үкіметтеріңнің.

Жасайын ойда жүрген бар байламды,
Келтіріп елде болған жағдайларды.
Үкімет Ахметке той өткізіп,
Ұрпағы дұға қылып арнай(ы) барды.
Аяқ асты өртеніп қара орманың,
Ол той өз деңгейінде болмай қалды.
Биліктен көңілі қалған байғұс елдің,
Бұл жолы да көңілі толмай қалды.
Халықты бос үмітпен дүрліктіріп,
Соңғы жағын құн-жын қылу сәнге айналды.
Келгендер кері қайтып елдеріне,
Көгімде шырылдаған торғай қалды.
Тұрғынбековке тығылып кеш өткізіп,
Ол кешке Злиха ақын бармай қалды.
Қозғайтын түк мәселе таппағандай,
Осылай асырмақсың сен де айлаңды.
Көр-жерді өлең еткен қайран қайным,
Бұл жолы бақ-жұлдызың жанбай қалды.
Торғайға жанашыр бір жан таба алмай,
Амалсыз тіл тістеліп, қол байланды.

Біреуге іні, бауыр, дос, ағасың,
Талпынсаң, таудан да әрі аса аласың.
Міне, мен аттағалы он сегіз жыл
Айтыстай шаңырақтың босағасын.
Жүлде бермейтіндерін білсем дағы,
Қатысамын айтысты жасағасын.
Неге ылғи екі-үш ақын жүлде алады,
Сен бүгін ашып айтшы осы арасын.
Апта сайын қонаққа шақырып па ең,
Айтыстың қос ағасын, қос анасын.
Әуелі беріп барып аласың ба,
Бұл сөзге көңіліңіз босамасын.
Тарихты тиек етіп отырғанмен,
Сен бүгін шындық айтпай қасарасың.
Хақ жолды сүйген қазақ, енді қашан
Жағымпаздық торынан босанасың?

Бәйге үшін барғанменен бос егеске,
Бұл қайным жеңгесімен дос емес пе.
Ұлттық домбыра күнінде күйші болған
Қылығың түсіп отыр кешегі еске.
Нотадан хабарың жоқ болса дағы,
Күй тартып күмбірлеттің көшеде әсте.
Күй тарта алмас адамға күй тартқызған,
Жасанды интеллект дегенің осы емес пе.

Батырлан:
Құйылса көкірегіңе Жамбыл-өлең,
Алдыңнан ашылады даңғыл ерен.
«Жастарға үйретер қыр-сырын төкпе жырдың»,
Мектеп жоқ деп жан болдың жанды жеген.
Ақындық қанда болмай, жанда болмай,
Оқып шайыр болмайды балғын өрен.
Айтпақшы «үкіметтеріңнің», «сақ көріндің»,
Деген сөзің көңілде қалды неден?!
Буын асып, ұйқасың ұйқы-тұйқы
болып жатса, оныңа жан жүдеген.
Үйрететін қыр-сырын төкпе жырдың
Үйірме сізге керек алдыменен.

Мирас қып абыздардан сөзді ап қалған,
Ұл едім ел тарихын жазбақ болған.
«Тобыл-Торғай күйлері» шықты былтыр,
Сексен күй ескідегі сазды ақтарған.
Алты арыс елге жетті қанша ғасыр
Қалтарыста қалған күй боздақтардан.
Өлгеніңді тірілтіп кем бе екен бұл
Өшкеніңді жандырып маздатқаннан.
Өткіздік биыл енді күй байқауын,
Жанына жамиғы елдің саз жаққаннан.
Қазылықпен разылық сөзімді айттым,
Күй жайлы әңгімені қозғап таңнан.
«Жасанды интелект күй тартқызд» деп,
Сен болдың өкпеңді айтып, назды ақтарған.
Қазы болған қайнысын күйші қылып,
Жеңешем неге жалған жазды ақпардан?
Айып па аршып алсам ел мұрасын,
Ғасырлар қойнауында боздап қалған.
Ақ-қарасын айырып айт, жеңеше,
Жаламен бастай бермей сөзді «аттаннан»…

Шын ақын халықты ойлар елге жақын,
Жеңгеме жүлде менен теңге жақын.
Айтыстың жүлдесіне өкпеңді айтып,
Бәйгені алар дейсің берген ақын.
Ел – қазы, сөз таразы ақындарға,
Көрсетпес ой, дарыны кемге рахым.
Орныңа таласатын жан бар ма екен,
Андыздап алға шықса елден атың.
Талпынса таудан әрі кім аспайды,
Өлеңде жая білсе кең қанатын.
Ілгері озып шықса өзгелерден,
Жүлдені алмайды ма жеңген ақын.

Злиха, не қыламыз бос таласып,
Барамыз біз де талай жастан асып.
Жақсы ғой татулықпен кешсең ғұмыр,
Жаныңда ел үйріліп, дос жанасып.
Жаныңды кірлетпегін жаман сөзбен,
Жатқанда жазғаныңды тасқа басып.
Осымен тамамдайық жазба айтысты,
Шайыр ең айтар сөзге жастан машық.
Кетпестен ерден дәулет, елден дәурен,
Алаштың тұра берсін аспаны ашық!

Злиха:

Көрсем де бұрын талай додаларды,
Дәл бүгін жаным қатты жараланды.
Жас баладай сөйлейсің жеңіл-желпі,
Жігіт пе деп ойласам саналы, арлы.
«Үйірме алдыменен саған керек»
деп, маған жауып жатсың жалаларды.
Тұлпар қып топқа қоссам айып па екен,
Сахнаға үйретіп он адамды.
Үйірмесіз үйрету қиын боп тұр
Телефонға телмірген балаларды,
Кітап түгілі сабағын оқымайтын,
Интернетке иленген саналарды.
Қазіргінің жастары оқымайды,
Абай мен Ыбырайдай даналарды.
Ұрпақ үшін атылып кеткенменен,
Еске алмайды біртуар бабаларды.
Әлеуметтік желіге әуес болып,
Ол аздай тыңдамайды аналарды.
«Ютуб» пенен «Тик-Токты» ермек қылып,
Тарихқа зер салмайды одан арғы.
Жаһандану үрдісі еш аяусыз
Жойып жатыр сан ұлт пен сан адамды.
Мәңгілік қазақ болып қалу үшін,
Жан-жақты жасау керек шараларды.
«Кітап оқитын ұлт» деген жоба былтыр
Ел ішінде ерекше дараланды.
Көптеген кітаптардың беті ашылып,
Еңбегі жазушының бағаланды.
Мазмұны оқушының пікірімен,
Республикалық деңгейде сараланды.
Министр үйірме ашып көбейтсе екен
Тіліме пайдасы көп жобаларды.

Жыр арнаудың орнына елге құнды,
Түсінбедім қырандай төнгеніңді.
Айтыста әділдік жоқ деп айтып ем,
Деймісің «бұл жеңгеме теңге құнды».
Он сегіз жыл әділдік көрген жоқпын,
Білмеймін неге бұған көнгенімді.
Екеуміз Қарт Торғайда айтысқанда,
Саған тоғыз, ал маған он берілді.
Сонда да бірінші орын алып кеттің,
Іштей мойындасаң да жеңгенімді.
Арқалықтың жылдағы айтысында
Білесің жанып тұрып, сөнгенімді.
Айтыс жасап, жүлдесін өздері алар,
Өзгеге болмассыңдар сендер үлгі.
Сөзіміз саф алтынмен тең болса да,
Ешқашан білмейсіңдер жол беруді.
Он екі буын еді өлеңдерім,
Көріп пе ең буынсыз жыр өргенімді.
Дап-дардай жігіт деген атыңменен
Құптамаймын тезек сөз тергеніңді.

Сөздерің намысымды жанығандай,
Кемшілік тағып отсың тағы қандай?
Бұл жолғы ниетіңді түсінбедім,
Қайным ең көп көрмесем сағынардай.
«Аспан ашық», «жастан машық» деп жазыпсың,
Ойменен жазып едің оны қандай?
Буын түгілі, артық қой әріптерің,
Сөз таба алмай бұл қайным сабылардай.
Жұп болған жөн білетін жеңгесімен
Дәл бүгін Батырланның бағы бардай.

Сөзшең жігіт болады тойға жақын,
Ойшыл жігіт болады ойға жақын.
Бұл жолы да жеңіліп қалмасын деп,
Жауабыңды күттік қой айға жақын.
Берген мерзім бітсе де шілде айында,
Бұл да бір жағдай боп тұр ойланатын.
Басшылықта болған соң қолдаушысы,
Ешкімге ренжімейтін жайдары ақын.
Іс-шараның ішінде сен жүресің,
Билікке бізден гөрі пайдалы ақын.
Тоғыз алып, жеңіліп тұрғанменен,
Бас жүлде иемденер айлалы ақын.
Осыменен, қайным-ау, сен де аман бол,
Ақын бол сый-құрметке сай болатын.