Ономастика саласында мақсатты жұмыс жүргізу барған сайын өзекті мәселеге айналуда. Бұл жұмысты тіл саясатының басым бағыттарының бірі ретінде жергілікті атқарушы органдар тарихи атауларды тисті тәртіпке келтіруді нұсқап, жергілікті халықтың қолдауымен іске асыратыны түсінікті.
Қостанай ауданы әкімінің аппаратына Тобыл қаласындағы кейбір көшелерді қайта атау жөніндегі тұрғындардың ұсынысы келіп түсті. Онда халық Ленин көшесін Абай, Механизаторов көшесін Жансұлтан Демеев атына бергісі келетіні туралы баяндалған.
«Абай Құнанбайұлы есімімен қазақ халқының ағарту саласындағы тұтас дәуір байланысты. Абай ақын, халық ағартушысы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және алғашқы классигі.
Жансұлтан Демеев Қостанай ауданының тумасы, Социалистік Еңбек ері, ауыл шаруашылығының озаты, механизатор, мұғалім тәлімгер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» делінген хатта.
Бұл туралы тыңдалым шілде айының соңғы күні Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде өтетіні хабарланды.