Қостанайда өткен тамыз кеңесінде өңірдегі мектептерді цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды.
Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, саладағы атқарылған ауқымды жұмыстар мен жаңа оқу жылының басымдықтарын саралады.

Бұл жолғы кеңестің басты ерекшелігі – модератор ретінде «Ұмай» цифрлық аватарының қолданылуы болды. Тамыз кеңесінің басты тақырыбы жасанды интеллект дәуіріндегі білім беруді дамытуға бағытталды.
Кеңес аясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын баяндады. Мохамед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетатінің маманы Мұхаммад Али Джавед ЖИ және деректерді талдау мүмкіндіктеріне тоқталды. «Білім-Инновация» ХҚҚ Бірінші вице-президенті Ержан Аубакиров ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жайын сөз етті. Танымал биология пәнінің мұғалімі әрі блогер Марат Айтқалиев Alpha ұрпағын оқытудың болашақ құзыреттері туралы баяндама жасады.

Кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов саланы қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын атап өтті.
«Биыл бұл салаға 227,1 млрд теңге бөлінді, бұл – облыс бюджетінің үштен бір бөлігі. Соңғы үш жыл ішінде облысымызда 15 балабақша және 10 мектеп салынды, 457 нысан жөнделді. Нәтижесінде балабақша кезегі 4 есеге, ал мектептердегі орын тапшылығы 3 есеге қысқарды», — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап облыс педагогтеріне сабаққа дайындықты жеңілдету үшін «ChatGPT Edu» жасанды интеллект көмекшісін пайдалану мүмкіндігі берілетіні хабарланды.
Облыс басшысы білім сапасының артып келе жатқанына тоқталып, халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижесін мысалға келтірді. Қостанай облысы оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану бағыттары бойынша республикада алдыңғы қатардан көрінген. Сарыкөл ауданының «RoboKids» командасы Оңтүстік Кореядағы робототехника олимпиадасында Гран-при иеленсе, Жітіқара ауданының оқушысы Кирилл Тургымбаев Бухаресттегі Халықаралық лингвистика олимпиадасында ерекшеленді.

Жиын соңында озық нәтиже көрсеткен білім беру қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салаға сіңірген көпжылдық еңбегі үшін Надеждин жалпы білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі Вера Абишева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

«Қазіргі таңда зейнеттемін. Меңдіқара педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін 30 жылға жуық Наурызым ауданындағы Бірінші Семилетка мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еттім. Кейін Қостанай ауданына көшіп келдім. Негізі, «бастауыш сынып мұғалімі – баланың екінші анасы» демей ме? Шәкірттерімді жан-тәніммен жақсы көрдім, олар да мектепке үлкен ынта-ықыласпен келетін. Осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін», – деді марапат иесі ағынан жарылып.
Ал, Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гімназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Меруерт Ермағамбетоваға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар бірқатар ұстаздарға «Білім беру саласының үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі», «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері, «Құрмет» грамоталары мен «Алғыс» хаттары табысталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Каербек Гилимжанов
Мақаланың толық нұсқасын газеттің келесі санынан оқи аласыздар
