Саналы ғұмырын ұлттық өнерді ұлықтауға, туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын зерделеуге арнап келе жатқан белгілі қолөнер шебері, өлкетанушы, Арқалық қаласының Құрметті азаматы Шөптібай Байділдиннің 80 жас мерейтойына орай шығармашылық кеші өтті.
Шөптібай Байділдаұлы 1946 жылы 14 тамызда Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көкалат ауылында дүниеге келген. «Көкмайсалы Көкалат» деп аталатын бұл ауылдан атақты ақын-жазушылар Назарбек Бектемісов, Қоғабай Сәрсекеев, Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин, Қонысбай Әбілов сынды елге танымал азаматтар шыққан.
Ұлттық қолөнердің қайнарынан нәр алып, атадан балаға жалғасқан дәстүрлі өнерді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген еңбегі елдің рухани өміріндегі өзіндік орны бар игілікті іс. Сонымен қатар туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастыра зерттеп, тарихи-мәдени құндылықтарды жинақтап, ел жадында сақтауға қосқан үлесі де айрықша.
Шөптібай аға ұлттық қолөнердің қайнарынан нәр алып, табиғи талантының арқасында мыңдаған оюға ат қойып, авторлық мәртебесін алған. Бірнеше кітаптың авторы. «Өнер» баспасынан «Қазақтың ою-өрнектері», Екібастұз баспаханасынан «Ою ой, өрнек сал» атты кітаптары жарық көрді. Шебердің бұл кітаптары әдістемелік оқу құралы ретінде пайдаланылады. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде арнайы пән ретінде оқытылады.
Салтанатты шақта облыс, қала әкімдерінің Құттықтау хаттары оқылып, мерейтой иесінің иығына шапан, астына ат мінгізілді.

Шөптібай Байділдаұлы білгенді үйретуді парыз санайтын азаматтардың қатарынан. Арқалықтағы «Жас-Ұлан» жасөспірімдер орталығына әдістемелік көмек беріп, дәріс оқиды. Қоғамдық өмірге белсене араласып, студент- жастармен де жиі кездесіп тұрады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
