Қостанайға Солтүстік Қазақстан облысынан «Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы арнайы келіп, көшпелі көрме ұйымдастыруда.
Қала күніне арналған тартуды Сити-орталықтан тамашалай аласыз.
Көрме «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» деп аталады. Ол жерде ежелгі қонысқа қатысты таңғажайып деректермен танысуға болады. Энеолит дәуіріне жататын ескерткіш Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының аумағынан табылған. Бірегей нысан 40 жыл бойы зерттеліп, аумағынан әлемдегі ең көне жануарлардың сүйектері анықталды. Олардың 99,9% — ы жылқыға тиесілі болып шықты.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Ботай қонысының ең ежелгі қала болғаны, сол жерде әлем бойынша ең алғаш жылқыны қолға үйреткендігі ғылыми түрде дәлелденген.
«Ботай мәдениеті – ежелгі дала өркениетінің бастауы. Еуразиядағы ежелгі жылқы өсірушілер мәдениетінің аса маңызды орталығы. Қазақстаннан бөлек шетелге танымал. Көне жәдігерлерді көпшілікке таныстыру арқылы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға мүмкіндік аламыз. Бізді Қостанайға қала күніне орай шақырды. Ежелгі қоныстың аумағынан табылған жәдігерлердің бір бөлігін осында алып келдік. Көрме барысында жан-жақты таныстырамыз», –деді «Ботай» музей-қорығының директоры Сәбина Амирова.
Экскурсия жүргізушілері қостанайлықтарға «Ботай» ескерткішінің тарихи-мәдени құндылығын ашып, жәдігерлер жайынды қызықты ақпарат беруде. Қала тұрғындары мен қонақтары көрме жұмысын қызыға тамашалап, естелік суретке түсуде.
«Ботай» қонысы археологиялық ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. 2017 жылы Қазақстанның киелі нысандары тізіміне енгізілді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Василий ВАСИЛЬЕВ
