Қамысты ауылында 5 отбасы қоныс тойын атап өтуде. Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, жаңадан салынған жайлы үйлердің кілтін өз қолымен табыстады.
Әлеуметтік баспанамен қамту бағдарламасы аясында берілген пәтерлердің ауданы кемінде 80 шаршы метрді құрайды. Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев арнайы қатысып, жаңа қоныстанушылардың қуанышымен бөлісті.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – өңірдегі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген сөзін алға тартып, соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.

«Соңғы 3,5 жылда облыста шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 17,8 мыңнан астам отбасы өз жағдайын жақсартты. Тұрғын үй құрылысы Қамысты ауданында да қарқынды жүргізілуде. Соңғы 2 жылда бұл ауданда 5,2 мың шаршы метрді құрайтын 3 көпқабатты және 15 екі пәтерлі тұрғын үй соғылып, реконстуркцияланды. Бұл – 69 отбасы баспаналы болды деген сөз», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар, ауылдық жердегі баспана құрылысына жеке бизнес өкілдері де белсене үлес қосуда. 2023 жылдан бері жеке инвестициялар есебінен 840 млн теңгеге 34 үй бой көтерді. Тұрғын үй құрылысына «Алтынсарино» ЖШС (24 үй), «Содружество 98» ЖШС (4 үй), «Инспек-1» ЖШС (2 үй), «Дружба» ЖШС (2 үй) және «Карабатыр» ЖШС (2 үй) сияқты жергілікті серіктестіктер зор қолдау білдірген.
«Бұдан бөлек, әлеуметтік баспанамен қамту мақсатында соңғы 3 жылда ауданда 59 отбасы үйлі болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдауға мұқтаж жанұялар үшін тағы да 18 екі пәтерлі үйдің (36 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Бүгін кілті табысталған 5 пәтер толықтай ішкі жөндеуден өткен, ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Біз азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру үшін барлық комфортты жағдайды жасаймыз», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа пәтер иелеріне кілттерді өз қолымен табыстады.

Бүгін қуанышқа кенелген қоныс иелері – Светлана Сәлімжанова, Шынар Щипанская, Ерболат Оралбаев, Анжела Эпштейн және Гүлсім Қолдыбекқызы Арысбаева.
Жаңа қоныстанушылар атынан сөз алған Шынар Щипанская көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін мемлекет басшылығына және облыс, аудан басшыларына шексіз алғысын білдірді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
