Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа цифрлық кезеңі ЖИ-ді қолданумен жалғаспақ Фото: yandex.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа цифрлық кезеңі ЖИ-ді қолданумен жалғаспақ

Үкіметтің 11 тамызындағы отырысында жасанды интеллектке негізделген мемлекеттік қызметтер экожүйесін құру мәселесі талқыланды. Осыған дейін цифрландыруды анықтама мен өтініштерді жай ғана онлайн форматқа көшіру деп қабылдадық. Ал жаңа жүйе сапалы түрде жоғары деңгейге өтудің көрінісі. Оның басты міндеті заманауи технологиялар мен ЖИ арқылы мемлекет пен азамат арасындағы байланыс механизмін түбегейлі жаңарту болып отыр.

Бүгінде бұл жүйеге QazTech, eGov 3.0, eGov GPT, AI-офистер және eGov Business сияқты барлық цифрлық сервистер біріктірілуде. Сондықтан сөз eGov-ты кезекті модернизациялау туралы емес, цифрлық мемлекетті дамытудың келесі кезеңі туралы болып отыр.

Бірқатар мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшірілгеннен бері қазақстандықтар ХҚКО операторларына 30%-ға сирек жүгінетін болды. Азамат қай мекемеге баруды, қандай құжат жинауды немесе жүйелердің қалай жұмыс істейтінін зерттеп бас қатырмауы тиіс. Барлық процесс бірыңғай цифрлық экожүйеде жүреді, ал адам дайын нәтижені артық әрекетсіз, мүмкіндігінше жылдам алады. Соның ішінде ЭЦҚ алу мен тұрғылықты жерге тіркелу толықтай дерлік онлайнға көшті. Көлікті бастапқы тіркеу, жерге акті мен жылжымайтын мүлікке паспорт алу алғаш рет цифрлық форматта қолжетімді.

Осыған байланысты ХҚКО тұжырымдамасы түбегейлі өзгеруде. Жаңа AI-офистер 70/20/10 моделімен құрылады. Ғимараттың 70%-ы eGov GPT бар терминалдар арқылы қызметті өзі алуға арналған экспресс-аймаққа беріледі. Сондай-ақ сараптамалық және оқыту аймақтары болады. Ал қызметкердің шаруасы тек күрделі мәселелерде көмектесу.

Жаңа өзгеріс цифрландыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне бағытталған. Жоғары деңгейдегі сервисті ел ішінде қамтамасыз ету үшін барлық өңірде ХҚКО-ларды жаңартуды толық аяқтау тапсырылды.

Бұдан бөлек Үкімет отырысында кәсіпкерлерді қолдау қызметтерінің 60%-ға жуығы әлі де қағаз жүзінде орындалатыны сөзге тиек етілді. Мемлекеттік қызметтердің жалпы цифрлану деңгейі жоғары болғанымен, аталған көрсеткіш бизнеске жағдай жасауда әлі де үлкен резерв бар екенін көрсетеді.

Сол себепті Үкімет қызметтерді қайта қарауды жеделдетіп, оларды eGov Business-ке біріктіруді тапсырды. Қазірдің өзінде аталмыш қосымша бизнесті тіркеу мен шот ашудан бастап, лицензия алу мен ЖК жабуға дейінгі барлық кезеңде көмектеседі. Жаңартылған сервисті 135 мың адам жүктеп алған, ал оны ай сайын шамамен 35 мың кәсіпкер қолданады.

Болашақта экожүйе кеңейіп, мемлекеттік қолдау шаралары, бизнестің цифрлық картасы, жер, мүлік және корпоративтік банктік өнімдермен толығады. Ал қыркүйек айынан бастап шарттарды онлайн жасасуға арналған Smart Contract жүйесі жоспарланған. Бизнес өкілдері үшін цифрландырудың практикалық пайдасы әкімшілік рәсімдерге кететін уақыт пен қағаз айналымын үнемдеуге және жобаларды тезірек іске қосуға мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту рейтингінде 24-орында тұр. Осыған орай, Президент жүктеген ЖИ-ді кеңінен енгізу міндеті цифрландырудың келесі логикалық кезеңіне айналып отыр. Азаматтар мен бизнес үнемдеген уақыт цифрлық мемлекеттің басты тиімділік көрсеткіші болмақ.