Қостанай төрінде 22 жылдық тарихы бар халықаралық «Алтын микрофон-2026» әншілер байқауы басталды.
Жылдар бойы талай жас таланттың өнер жолына жол ашқан байқау бүгінде әр өңір мен әр елдің өнерін тоғыстыратын, кәсіби шығармашылық диалогтың маңызды алаңына айналды.

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Халық шығармашылық және кинобейнеқор орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға биыл Болгария, Армения, Беларусь, Украина елдерінен келген өнерпаздармен қатар, еліміздің әр өңірінен дарынды әншілер қатысуда.
Қатысушылардың өнерін дәстүрге сай халықаралық деңгейдегі кәсіби музыка мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Қазылар алқасының төрағасы, белгілі өнер қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы қатысушылар мен қостанайлықтарға ыстық ықыласын білдіріп, байқаудың маңыздылығына тоқталды.

«Қостанай облысының тоқсан жылдығымен құттықтаймын. Ел мен жеріміз өркендеп, осындай үлкен конкурстардың басында жүре берсін. Бұл – ел бойынша үлкен байқаулардың бірі. Балаларымыздың болашақтағы жолы әрдайым ашық болсын. Алға қойған мақсаттарына жетіп, өнердегі жақсы азаматтар болсын. Әлемдік деңгейдегі әншілермен тереземіз қатар тұрсын», – деді ол.
Өңірге белгілі өнерпаз Қадыр Қаржауов та жас әншілерге ақ батасын берді.

«Өнерге қанат қаққан балаларымыз бүгін бар жігерлерін жинап, талантын көрсете берсін. Қазақта “Ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болады” дейді. Қысылмай, қорықпай, бар өнерлерін көрсетуге тілектеспін. Өнерлерің өрге жүзсін!» – деді өнер иесі.
Байқаудың алғашқы туры 7–10 жас аралығындағы балалар арасында басталды. Солардың бірі – Ақтөбе қаласынан келген Азамат Орынғали.

Азаматты өнер жолына анасы алып келген. Кішкентай кезінен ән айтуға қызығушылығын байқаған анасы оны вокал үйірмесіне берген. Содан бері әнге деген сүйіспеншілігі артып, шығармашылыққа деген шабыты ашыла түскен.
Бүгін ол «Қыздар-ай» әнін орындап, өз өнерін қазылар мен көрермендерге ұсынбақ.
Ал Астанадан келген жас талант Ариела үшін «Алтын микрофон» – тағы бір үлкен белес. Оның ұстазы Мәдина Шабанбай шәкіртінің байқаулардағы жетістіктерін ерекше атап өтті.

«Ариела маған 2023 жылы келді. Содан бастап конкурстарға қатыса бастадық. Алғашқы орындарға ие болып, Гран-при де жеңіп алдық. Дельфий ойындарына қатыстық. Енді міне, «Алтын микрофона» келіп отырмыз. Бұл жолы алғаш рет «Туған ел» әнін дайындадық. Жақсы орындап шығады деп ойлаймын. Көрермендерге ұнайды деген сенімдемін. Ариеланы үлкен, жарқын болашақ күтіп тұр», – дейді ұстазы.
Музыка мектебінде білім алып жүрген Ариела фортепианода ойнайды, хорға қатысады, би өнерімен де айналысады.

Ең қуантатыны – жас өнерпаздың қазақ әндерін орындауға деген қызығушылығы ерекше.
22 жыл бойы талай таланттың тұсауын кескен «Алтын микрофон» биыл да жас өнерпаздарға жаңа мүмкіндік сыйлап, олардың үлкен сахнаға бастар жолын ашып отыр.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
