OPEN AIR: өнер мен идея тоғысқан кеш

OPEN AIR: өнер мен идея тоғысқан кеш

Сахнада – әуезді ән, алаңда – жалынды жастар, ал ортада – жаңа идеялар.

Халықаралық жастар күніне орай Қостанайда өткен OPEN AIR кеші жастардың шығармашылығы мен белсенділігін тоғыстырып, мерекелік кешті ерекше форматта өрнектеді. Ашық аспан астындағы шарада өнер, спорт, киберспорт және жастар бастамалары бір арнаға тоғысып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

blank blank blank blank blank blank blank

Іс-шараға шығармашылық ұжымдар, волонтерлер, спорт пен киберспортқа қызығушылық танытқан жастар қатысты. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кештің форматы да жастарға жақын болды. Еркін әңгіме, музыка, ойын-сауық пен түрлі белсенділік бір кештің ішінде қатар өрбіді.

blank blank

Кеш барысында киберспорттық турнирлердің, әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Әсіресе әлеуметтік жобаларға қатысқан жастардың еңбегін атап өту маңызды. Себебі олардың ұсынған идеялары күнделікті өмірдегі мәселелерге назар аударып, оларды шешудің жолдарын іздеуге бағытталған.

Сонымен қатар волонтерлікке, мәдениет пен спортқа, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген жастарға алғыс хаттар табысталды.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Олардың қатарында түрлі іс-шараларға атсалысып, бос уақытын қоғамға пайдалы іске арнап жүрген жастар бар.

Марапаттау рәсімінен кейін кештің музыкалық бөлігі жалғасты. Сахнаға жас әншілер, музыканттар мен би топтары шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Бірінен кейін бірі орындалған әндер мен билер кештің көңіл-күйін одан әрі жандандырды. Көрермендер де өнерпаздарға қолдау көрсетіп, кей сәтте әнге қосылып отырды.

blank

«Жастар-ел болашағы» деген сөзден бастағым келіп тұр, себебі елдің ертеңі жастардың қолында. Сондықтан елімізде жастарға айрықша мән беріледі. Оларды үнемі назардан тыс қалдырмай қолдап, ақылдасып, санасып отырады. Шабыттандырып, қолдау көрсету мақсатында осындай түрлі марапаттау рәсімдерін өткіземіз. Бір жағынан басқаларға үлгі болсын, тәрбие болсын деп. Тіпті бүгінгі мерекенің өтуінің өзін жастармен ақылдастық. 8-тамыздан бастап түрлі іс-шаралар, ойындар ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде бүгін бірнеше бағытта жастарды марапаттадық», — дейді Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков.

Кештің тағы бір бөлігі – интерактивті алаңдар. Мұнда жастар бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, қызығушылықтары мен ойларын бөлісті. Бір ортада спортты ұнататындар, шығармашылықпен айналысатындар, волонтерлер мен түрлі жобалардың авторлары бас қосты. Мұндай кездесулер жаңа таныстыққа ғана емес, алдағы бірлескен жұмыстарға да себеп болуы мүмкін.

Жастардың бүгінгі қызығушылығы да сан алуан. Бірі киберспортта бағын сынаса, бірі сахнада өнер көрсетеді, енді бірі әлеуметтік жоба ұсынып, волонтерлікпен айналысады. OPEN AIR осы бағыттардың барлығын бір кеште көрсетуге мүмкіндік берді.

Кештің басты ерекшелігі – жастардың өздерін еркін сезінуі. Мұнда көрермен мен өнерпаздың арасы алшақ болған жоқ. Сахнадағы өнерді тамашалаған жастар интерактивті алаңдарға қатысып, таныстарымен әңгімелесіп, жаңа адамдармен пікір алмасты.

Бота Манет

Суреттерді түсірген Василий Васильев