Үстел теннисі орталығы салынып жатыр

Үстел теннисі орталығы салынып жатыр

Қостанай қаласы Береке шағын ауданында Үстел теннисі орталығының құрылысы жалғасу үстінде.

Екі қабатты нысанның құрылысы былтыр басталған. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Ойын аймағына 12 теннис үстелі қойылып, жүз орындық көрермен трибунасы орнатылады. Сондай-ақ бір мезетте 150 адамға дейін қабылдай алмақ.blank

«Бүгінде ғимараттың төбесі жабылып, қасбеті мен ішкі бөлмелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Инженерлік коммуникациялар тартылып, жертөле қабатына жылу желілері жүргізілу үстінде. Әрлеу-өңдеу және абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Құрылғы-жабдық сатып алынды. Орталықты осы жылдың қазан айында пайдалануға береміз», – дейді мердігер «Статус Трейд» ЖШС директоры Дулат Бірімжанов.

blankБұл орталық болашақта ауқымды республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге оңтайлы болады. Сондай-ақ мұнда тәжірибелі, әуесқой спортшылардың жаттығуына, жас буынның және ерекше қажеттілігі бар адамдардың үстел теннисімен шұғылдануына жағдай жасалады.

«Әзірге теннис алаңы қаладағы №2 мектеп ғимаратында орналасқан. Жалға алынып келеді. Бүгінде онда төрт жаттықтырушы жұмыс істейді. Ал осы орталықтың ашылуы қаламыз, тіпті облысымыз үшін игі жаңалық болар еді. Себебі бұл спорттан жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Жаңа нысан ашылған соң Қазақстан чемпионатын өткізу қазірден-ақ жоспарға алынып отыр», – дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев.

blankОблыс әкімі мұны жаңа спорт нысаны ғана емес, әр бала өз қабілетін ашып, болашақ жеңістеріне алғашқы қадамын жасайтын кеңістікке айналатынын айтты.

«Жалпы, кейінгі үш жылда отыздан астам спорт нысаны, сексеннен артық алаң салынды. Соның арқасында тұрғындардың үй жанында спортпен айналысу мүмкіндігі арта түсті. Заманауи спорт инфрақұрылымын құруды жалғастырып келеміз. Үстел теннисі орталығы соның бір мысалы. Бұл нысанды ашу қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тартып, олардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ өскелең ұрпақтың жеңістерінің іргетасын қалауға жол ашады. Спорпен неғұрлым көбірек айналыссаңыз, соғұрлым емханаға азырақ жүгінесіз. Сондықтан спортты таңдау керек. Ол үшін мемлекет жағдай жасап жатыр», – деді Құмар Ақсақалов.

blankОл осы кезге дейін пайдалануға берілген және салынып жатқан спорт нысандарын да тізбектеп өтті. Өңір басшысының айтуынша, Назарбаев зияткерлік орталығы маңында келесі жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің іргетасы қаланады. Оған «Қазақстан халқына» қоры 3 млрд теңге қаржы құймақ.

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев