Қазақстанның жас әрі өндірісті қалаларының бірі – Лисаков өз мерейтойын айшықты тарихи оқиғамен атап өтті. Өңірдің үш мың жылдық терең тарихын заманауи кейіппен ұштастырған ауқымды арт-объект қалалық музейдің қасбетінде салтанатты түрде ашылды.
Мерекелік шара қаланың орталық алаңында өтіп, тұрғындар мен қонақтардың қатысуымен қуанышқа ұласты. Бұл көркем шежіре – жай ғана қабырға суреті емес, ғасырлар сабақтастығын айшықтайтын үлкен идеяның жемісі.
Туындының өмірге келуіне Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейінің ұжымы мен белгілі археолог, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қаланың Құрметті азаматы Эмма Усманова мұрындық болды. Ал көркем туындының эскизін ҚР Суретшілер одағының мүшесі Светлана Каратаева салды. Жобаны жүзеге асыруға қала әкімдігі, музей ұжымы және «Өркен» кәсіпорны тікелей қолдау көрсетті.
Мурал өңірдің қола дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі шежіресін тұтас қамтиды. Қызыл киімдегі әйел мен атты шабандоз – өңірдің үш мың жылдан астам көне тарихы мен бабалар мұрасының белгісі. Qarmet киіміндегі құрылысшы-жұмысшы – қазіргі заманғы өндіріс пен еңбек адамдарының қала дамуына қосқан үлесі. Смартфон мен рюкзак ұстаған заманауи жастар – XXI ғасырдың серпіні мен тарихи сабақтастықтың үзілмегенінің айқын көрінісі.
Салтанатты шарада Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Салтанат Шалдыбаева мен «Өркен» кәсіпорнының өкілі Ольга Сиковская керме жібін қиып, қала тұрғындарын 55 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтады.

«55 жыл ішінде қаламыздың дамуына үлес қосқан құрметті еңбек ардагерлеріне, алғашқы құрылысшыларға және бүгінгі таңда тер төгіп жүрген барша тұрғындарға алғыс айтамыз! Қаламыздың өркендеуі тоқтамасын, жарқын белестерге жете берсін», – деді Салтанат Шалдыбаева.
Өз кезегінде Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейінің директоры Шынар Ермағамбетова муралдың символдық мәніне тоқталды.

«Бұл керемет бастаманың түбірі алғаш болып музей қабырғасында басталған еді. Біздің мақсатымыз – туған жеріміздің көне тарихын бүгінгі Лисаковтың тынысымен байланыстырып, ғасырлар сабақтастығын өнер арқылы көрсету болатын. Осы игі ойды қаламыздың Құрметті азаматы, белгілі археолог Эмма Усманова қолдап, қала басшылығына жеткізуге және жүзеге асыруға үлкен үлес қосты. Жаңа туындыдан өңіріміздің өшпес тарихын, еңбек адамдарының қажырлы еңбегін, ұлттық құндылықтар мен болашақ ұрпақтың бейнесін анық көруге болады. Муралдың музей қабырғасына салынуында терең сыр жатыр. Егер музей өткеннің мұрасын сақтап, көзіндей қорғаса, бұл әсем сурет сол тарихты заман тілінде сөйлетіп, тұрғындар мен қонақтарға жол тартып тұр», – деді Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті музейінің директоры Шынар Ермағамбетова.
Салтанатты ашылу соңында қатысушылар мен қонақтар естелік суретке түсіп, Лисаков тарихындағы тағы бір жарқын бетті бірге атап өтті.

Жаңа мурал енді қаланың көрікті жеріне айналып, тұрғындар мен қонақтарды тарихқа құрметпен қарауға шақыратын болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
