Лисаков қаласы өзінің 55 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. ШАҺАРДА апта бойы мәдениет, спорт және қоғамдық бағыттарды қамтыған 30-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, мерейтой қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылды.
Мерейтойдың басты оқиғаларының бірі – бірнеше онжылдықтан бері қала күнінің ажырамас дәстүріне айналған карнавалдық шеру. Биыл шеру 24 кәсіпорын, мекеме және ұйым ұжымын біріктіріп, оған 600-ден астам адам қатысты. Мерекелік колонналар Лисаковтың тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін шығармашылық композициялар, ерекше безендірулер мен жарқын образдар арқылы көрсетті.
Мерейтой аясында дәстүрлі Қазақстан Республикасының мотокросс чемпионаты да өтті. 2000-жылдардың басынан бері Лисаковта ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келген 70-ке жуық спортшы қатысты. Биыл балалар мен әйелдер санаттарының енгізілуіне байланысты жарыс трассасы да кеңейтіліп, қосымша учаскелер жабдықталды.
Лисаковтың Қала күні аясындағы тағы бір ерекше жобасы – өңірдегі үздік би ұжымдарын бір сахнаға тоғыстыратын «Pro Танцы» фестивалі. Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтарға мерекелік туған күн торты ұсынылып, балаларға арналған «Baby Time» бағдарламасы, концерттер және «LISAKOV ARYY – 2026» қалалық шоу-бағдарламасы ұйымдастырылды.

Мерейтой қарсаңында Лисаков тарихы және Жоғарғы Тобыл өңірі мәдениеті музейінде «Даланың бесігіндегі қала» атты мақалалар мен естеліктер жинағының тұсаукесері өтіп, «Лисаковск глазами художников» дәстүрлі көрмесі ашылды.
Екі созылған мерекеде қала тұрғындары мен қонақтарына танымал «Pulse Kino» трибьют-тобы жанды музыка кешін сыйлады. Орталық алаңда мерейтойдың негізгі мерекелік бағдарламасы өтіп, концерттер, ойын-сауық алаңдары, карнавалдық шеру, сауда қатарлары, балалар бағдарламалары және мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Кеш «MEGA DANCE–2026» DJ-фестивалімен қорытындыланды. Арнайы қонақ ретінде танымал диджей, «Радио Рекорд» радиостанциясының резиденті DJ Baur – Баур Бимұрзин өнер көрсетті.
Мерейтойлық шаралар барысында қаланың қалыптасуына үлес қосқан алғашқы құрылысшыларға, еңбек ардагерлеріне және Құрметті азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.



Салтанатты рәсімде қала әкімінің орынбасары Салтанат конкурс жеңімпаздарын марапаттады.
Қала әкімі Абай Ибраев тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Лисаков – 55 жылдық тарихы бар ғана емес, өзіндік болмысы, қалыптасқан дәстүрі және үлкен болашағы бар қала. Осы жылдар ішінде шаһардың дамуына мыңдаған адам өз еңбегін арнады. Бүгін біз сол жандардың еңбегін бағалап, өткенімізге тағзым етіп отырмыз. Ең бастысы – Лисаковтың даму қарқынын сақтап, жаңа жобалар мен инвестициялар арқылы қаланың экономикалық әлеуетін арттыру. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз», – деді Абай Ибраев.
Мерейтойға орай «Өркен» ЖШС-нің Лисаков филиалы қала әкімдігімен және Лисаков музейімен бірлесіп ерекше тарту жасады. Қалалық мәдениет және спорт орталығының музейге қараған қасбетінде жаңа ауқымды мурал пайда болды. Монументалды туындыда Лисаковтың тарихы, болмысы мен өзіндік ерекшелігі бейнеленіп, қаланың өткені, бүгіні мен болашағы бір арнаға тоғысқан.
Сондай-ақ мерейтойға арнайы журнал жарық көріп, қала көріністері бейнеленген естелік ашықхаттар дайындалды.
«55 жыл – Лисаков үшін өткенді қорытындылайтын ғана емес, жаңа кезеңге жол ашатын маңызды белес. Бүгінде қалада өндіріс пен кәсіпкерлік қатар дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік және туристік инфрақұрылым жаңарып келеді.Қазіргі уақытта Лисаковта жалпы құны 108 млрд теңгеден асатын бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды іске асыру нәтижесінде таяу уақытта 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады», – деген әкім жаңа жобаларды таныстырды.
Биыл мамыр айында тротуар плиталарын шығаратын құрылыс материалдары зауыты және облыстағы асфальт-бетон зауыттарына арналған минералды ұнтақ өндіру жобасы іске қосылды.
Жыл соңына дейін тағы екі жобаны іске қосу жоспарланған. Оның бірі – инвестиция көлемі 3,5 млрд теңге болатын «New Frontiers» ЖШС полимерлі үлдір өндіретін кәсіпорны. Мұнда кемінде 20 тұрақты жұмыс орны ашылады. Екіншісі – «Tobyl Mining Services» ЖШС-нің жарылғыш заттар, бастамалау құралдары және жарылғыш материалдарға арналған базистік-шығыс қоймасын өндіретін зауыты. Жоба құны – 200 млн теңге.
2027 жылға да ауқымды жоспарлар бар. Солардың қатарында құны 39,1 млрд теңге болатын Лисаков май экстракциялық зауыты бар. Кәсіпорын тәулігіне 1200 тонна шикізат өңдеп, 100-ге жуық жұмыс орнын ашуды көздейді.
«Лисаков металлургия зауыты» жобасына шамамен 25 млрд теңге инвестиция салынып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Кәсіпорында титан қожы, рутил және циркон концентраттарын өндіру көзделіп отыр.
«US Engineering» ЖШС су тазартуға арналған реагенттер шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыруда. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Бұған қоса «S-AGRO KZ» ЖШС астық өңдеу нысандарын, көкөніс сақтау қоймасы мен картоп өңдеу цехын салуды жоспарлап отыр.
Ірі жобалармен қатар қалада шағын инвестициялық жобалар да жүзеге асуда. Соның бірі – 17 шілдеде ашылған, ауданы 1000 шаршы метр болатын «Әлем» балалар ойын-сауық орталығы. Жобаның құны – 130 млн теңге.
Лисаковта инфрақұрылым мен қалалық ортаны жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Бұрын қараусыз қалған балалар лагеріне екінші өмір беріліп, оған апаратын жол салынды. Аулалар абаттандырылып, балалар ойын алаңдары мен автотұрақтар пайда болды. Қалалық жағажай жаңартылып, жағалау аумағын дамытуға жаңа мүмкіндік ашылды.
Қала келбеті де өзгеріп келеді. Жарықтандырылған қасбеттер, муралдар және жаңа арт-нысандар Лисаковтың заманауи бейнесін қалыптастыруда. Мерейтой аясында жарықтандырылған киіз үй орнатылып, алдағы уақытта телемұнараны жарықтандыру және қаланың символы саналатын Түлкі бейнесі орналасатын тағы бір айналма жол жаңғыртылмақ.
Осылайша Лисаков өзінің 55 жылдығын тарихына тағзым етіп, дәстүрін дәріптеп, жаңа даму жобаларын жүзеге асырумен қарсы алды.
55 жылдық тарих – жаңа белестердің бастауы. Лисаковтың мерейтойы осындай сеніммен қорытындыланды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
Лисаков қаласы
