Елімізде 1-тамыздан бастап темекі өнімдерінің ең төмен бөлшек сауда бағасы өзгерді.
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, 2026 жылғы 1-тамыздан бастап Қазақстанда темекі өнімдерінің жекелеген түрлеріне жаңа ең төмен бөлшек сауда бағалары белгіленді. Сүзгісі бар және сүзгісіз 20 дана сигареттің, папиростың, сигариллалардың, сондай-ақ қыздырылатын темекі өнімдерінің ең төменгі бағасы өсіп, 1 060 теңгені құрады. Бұған дейінгі бағасы 970 теңгені болатын. Аталған баға жыл соңына дейін қолданылады. Келер жылдан бастап тағы қымбаттайды. Осылайша биылдан бастап темекі құны жылма-жыл өсе бермек. Бағаның күрт өзгеруі темекі өнімдерінің айналымы саласындағы мемлекеттік салық және баға саясатын тиімді жүргізумен байланысты.
«Бұл шара темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға, бюджет түсімдерін арттыруға және көлеңкелі айналым үлесін төмендетуге бағытталған» – делінген Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жолдаған хабарламада.
Департамент темекі өнімдерін өткізумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін белгіленген бағаларды сақтауға шақырады.
Қ.Мұратбекқызы
