Агрофестиваль: «Ең ауыр салмақты бұқа» сайысы өтеді

Агрофестиваль: «Ең ауыр салмақты бұқа» сайысы өтеді

Агрофестивальдің тағы бір ерекше іс-шарасы бұқалар көрмесі болып отыр. Бұған облыста ІҚМ асылдандырумен айналысатын шаруалар қатысуда.

«Jańa Dala / Green Day ‘2026» көрмесінің соңғы күнінде «Ең ауыр салмақты бұқа» аталатын сайыс өтеді. Осыған орай өңірдің фермалары таңдаулы қара мал аталығын агрокөрме алаңына әкелген. Олардың қатарында әйгілі Москалев, Диев тұқымдары, Науырзым, Қарасу, Денисов сияқты бірнеше ауданның бағымындағы бұқалар бар.

«Жалпы, іс-шараға Астанадан арнайы келіп отырмыз. Әдемі, кәделі фестиваль. Соның ішінде өзіндік бір ерекшесі осы бұқалар көрмесі шығар. Ал енді жарысқа облыс әкімдігі жеке жүлдесін тігіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – әр шаруашылықтағы бұқалардың қандай деңгейде дамып келе жатқанына баға беру ғой. Облыстың халқы да, сырттан келген қонақтар да осы салада бізде не жетістік бар екенін көруі керек. «Жүз естігенше, бір көрген» демей ме қазақ. Анау жоқ, мынау жоқ деген қысыр әңгімеден гөрі осылай барымызды көріп, бағалауымыз керек емес пе», – дейді Әулиекөл тұқымы жөніндегі республикалық палатаның директоры Нұрғали Бисекенов.blank

blankОның айтуынша, бұқалар көрмесі он жыл қатарынан Ақмола облысы жасап келген. Ал Қостанай облысында кейінгі бірер жылда қолға алынды. Нұрғали Бисекенов оң жолға қойылып келе жатқан бұл сайыс дала көрмесінің тұрақты бір дәстүріне айналатынына бек сенімді. Сайысты Ехротіме компаниясы мен Қостанай облысы әкімдігі бірлесіп өткізгелі отыр.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ