Импортқа тәуелділік азая ма?

Импортқа тәуелділік азая ма?

Биылғы қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі 19-дан 31-ге кеңейтілді. Осы санаттағы 12 түрлі тауар жергілікті жерде өндіріледі.

Тағы 13 түрлі өнім жергілікті және еліміздің басқа аймақтарынан тасымалданады. Қалғаны сырттан жеткізіледі. Біздің өлкемізде өндірілмейтін тауарлар да отандық нарыққа үздіксіз келіп түсуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту үшін аймақта ұзақ мерзімді жобалар жүзеге асуда.

Олардың дені ауыл шаруашылығы және өңдеу саласында қолға алынған. Мәселен, өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат базасын кеңейту, өңделген өнім көлемін арттыру мақсатында егістік құрылымын әртараптандыру қолға алынды. Нәтижесінде, биыл майлы дақылдар 887 мың гектар алқапқа себіліп, былтырғы межеден 13,5 мың гектарға ұлғайған. Дәнді-бұршақ дақылдары егілген алқап көлемі 212,3 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артыпты. Жалпы осы жылы егіс алқабының көлемі 5,1 млн гектарды құрағанын айта кетейік.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтың айтуынша, көкөніс өндірісін кеңейту жұмыстар да күн тәртібінде. Биыл облыста көкөніс пен бақша дақылдары егілетін алқап кеңейген. Ал жиналған өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 87 мың тоннадан асатын 62 көкөніс және картоп қоймасы жасақталды. Оған қосымша «Халық Агро KST» ЖШС сыйымдылығы 5,2 мың тонналық жаңа әрі заманауи көкөніс қоймасының құрылысын бастады.

«Ішкі нарықты қосымша қамту мақсатында Түркістан облысынан ерте пісетін көкөністерді жеткізу ұйымдастырылды. Жалпы көлемі 130 тонна қырыққабат, картоп және пияз партиялары сатылымға шығарылып, бұл бағаның өсуін тежеуге септігін тигізді. Жақын арада жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тағы 268 тонна жаңа өнім жеткізіледі. Осылайша ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп, баға өзгерісіне маусымдық факторлардың әсерін азайта аламыз», – деді Ибрагим Бекмұхамедов.

Басқарма мамандары апта сайын сауда нысандарын аралап, бағаға талдау жүргізеді. Облыс бойынша 483 дүкенде әлеуметтік сөре жасақталған. Қолжетімді бағадағы тауарларды сол жерден табасыз. Бірнеше жылдан бері аймақта әлеуметтік нан сатылады. Оның бағасы 90-92 теңгеден асқан емес.

Қымбат ДОСЖАНОВА