Л.Н.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Таным жолы – Торғайдан» облыстық зияткерлік квизінің финалдық кезеңі жастардың басын қосты.
Жоба Торғай өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу, жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи сананы қалыптастыру және олардың зияткерлік әлеуетін дамытуды мақсат тұтқан. Байқаудың алғашқы кезеңіне облыстың аудан-қалаларынан 70-тен астам команда қатысты. Екі іріктеу кезеңінің нәтижесінде үздік шыққан 10 команда финалға жолдама алып, шешуші кезеңде бақ сынады.
Жоба облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және патриотизм» құндылықтарын қалыптастыру мен нығайту мақсатында ұйымдастырылып, оны «Synergy» ғылыми-білім беру орталығы» қоғамдық қоры жүзеге асырды.
Финалдық ойын төрт кезең бойынша өтті. Қатысушылар тест тапсырмаларын орындап, күрделілігі жоғары логикалық сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар ерекше форматтағы «Гибридтер» шығармашылық кезеңінде екі ұғымды біріктіретін тапсырмаларды шешсе, соңғы блиц-турда жылдамдық пен терең білімдерін көрсетті. Барлық тапсырмалар Торғай өңірінің тарихына арналды. Сұрақтарда өңірдің көрнекті тұлғалары, тарихи оқиғалары, археологиялық ескерткіштері, киелі орындары, табиғи ерекшеліктері мен мәдени мұрасы қамтылды. «Synergy» ғылыми-білім беру орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Руслана Бровченконың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – жастарға тарихты жаңа әрі қызықты форматта ұсыну.
«Біз тарихты зерттеу заманауи, қызықты әрі адамдарды біріктіретін үдеріс екенін көрсеткіміз келді. Қатысушылардың тек дайын деректерді айтып қана қоймай, пікір таластырып, логикалық байланыстарды іздеп, дұрыс жауапқа шынайы қуанғанын көру ерекше әсер қалдырды. Біз дәл осындай туған өлке тарихына деген қызығушылықты қалыптастыруды көздедік», – деді ол.
Қызықты әрі тартысты өткен финал қорытындысы бойынша бірінші орынды Федоров ауданының командасы, екінші орынды Алтынсарин ауданының «Алтын жастар» командасы және үшінші орынды Рудный қаласы мен Қостанай қаласының командалары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, бас жүлде ретінде Торғай өңірінің тарихи мен киелі орындарына арналған екі күндік танымдық-экскурсиялық сапар сертификаттарына ие болды. Жүлде ретінде жеңңп алған сапар барысында жастар Торғайдың тарихи ескерткіштері мен музейлерін аралап, өңірдің рухани мұрасымен жақынырақ танысады.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Валентина Орлова мұндай жобалардың тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын ерекше екенін атап өтті.
«Туған өлкенің тарихы жастар оны қызығушылықпен танып-білген кезде ғана шынайы құндылыққа айналады. Осындай зияткерлік жобалар тарихты құрғақ деректер жиынтығы емес, таным мен ізденіске жетелейтін маңызды құрал ретінде көрсетеді», – деді ол.
Ойын барысында ерекше көзге түскен командалардың бірі – Алтынсарин ауданынан келген «Алтын жастар» құрамасы болды. Жастар білімдерімен ғана емес, ұйымшылдығымен, белсенділігімен және туған өлке тарихына деген ерекше қызығушылықтарымен ерекшеленді. Команда мүшелерінің айтуынша, Торғай өңірі олар үшін жай ғана тарихи мекен емес, қайта-қайта оралып, жаңа қырынан тануға болатын қасиетті өлке.
«Торғайдың тарихы тереңде, сыры көп. Сондықтан Торғайға қанша барып жүрсек те саяхат жасаудан ешқашан шаршамаймыз. Әр сапар сайын жаңа әсер алып қайтамыз», – дейді команда мүшелері.
Команда атауының өзі туған жермен сабақтас. Алтынсарин ауданынан келгендіктен «Алтын», ал құрамының түгелге жуығы жастар болғандықтан «Жастар» атауы таңдалған. «Алтын жастар» құрамында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, бірақ туған өлкенің тарихын насихаттап жүрген бес жас бар. Команданың ұйымдастырушысы әрі бас модераторы – Серік Алпсып. Тілдік және мазмұндық бағытқа жауап беретін Айна Мұратбекқызы және өлкетану мен саяхатқа ерекше қызығатын Еламан Өлеңбай, ал Серік Әбікен – тарихқа жүйрік, ақындық пен әншілік өнерді қатар алып жүрген жан-жақты жан.
Команда мүшелері байқаудың мазмұнына жоғары баға бергенімен, болашақта ескеруге болатын бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Олардың айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданылу үлесі барлық кезеңде бірдей сақталғаны маңызды.
«Алғашқы екі кезеңдегі сұрақтар қазақ тілінде болды. Ал үшінші турда тапсырмалардың басым бөлігі орыс тілінде берілді. Торғай тарихына арналған зияткерлік сайыста мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңірек болса деген тілегіміз бар. Бір жағынан Торғайдың тарихы таныла түссін десек орыс тілді сұрақтардың болғаны да дұрыс па деп отырмыз», – дейді қатысушылар.
«Алтын жастар» командасының пікірінше, мұндай тарихи-интеллектуалдық жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұруы қажет.
«Біз ұйымдастырушылардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Ең бастысы – Торғайдай киелі өлкенің тарихын жастар арасында кеңінен насихаттау. Осындай жобалар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Келесі сайыстар бұдан да мазмұнды, бұдан да ауқымды өтеді деп сенеміз», – дейді «Алтын жастар» командасының мүшелері.
«Таным жолы – Торғайдан» облыстық зияткерлік квизі жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелген жоқ. Жоба жастардың тарихи санасын нығайтып, туған жердің өткені мен мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлауын дамытуға және командалық жұмыстың маңызын сезіндіруге мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, Торғай өңірінің бай тарихи мұрасын жаңа форматта дәріптеуге бағытталған маңызды алаң болып қала береді. Осылайша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асқан жоба жастарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, туған жер тарихын ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
