Осы жылдың алғашқы алты айында Қостанай облысындағы дағдарыс орталықтарына 77 адам орналастырылды. Оның отыз үші әйелдер болса, қырық төрті балалар. Бұл көрсеткіш тұрмыстық зорлық-зомбылықтан балалардың да зардап шегетінін аңғартады.
Тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, жағдайды бағалайды, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кеседі және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заң аясында құқық бұзушыға қатысты тиісті шаралар қабылданып, қажет болған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Егер жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, оған дағдарыс орталығына орналастырылу ұсынылады.
«Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілді. Заң жәбірленушілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полицияға келіп түскен әрбір хабарлама жедел қаралып, құқық қорғау органдары заң аясында қажетті шараларды қабылдайды. Қажет болған жағдайда құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, ал жәбірленушіге қауіпсіз жерге орналастырылып, жан-жақты қолдау көрсетіледі», – дейді мамандар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
