Жолаушыларды тасымалдау 2024 жылы шығарылған RWS Wagon жаңа вагондарымен жүзеге асырылады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2–31 тамыз аралығында №225/226 «Нұрлы жол – Арқалық» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Пойыз Қостанай және Ақмола облыстары тұрғындарының көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, Арқалық бағытына қатынайтын жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тағайындалды. Бұған дейін бұл бағытта тек жеке тасымалдаушының пойызы қатынаған.
Пойыз құрамында 3 купе және 3 плацкарт вагоны болады. Бір бағытта 250-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік бар.
Вагондар қауіпсіздік, сенімділік және жайлылық бойынша заманауи халықаралық талаптарға сай жасалған. Купелерде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарықдиодты шамдар, USB-порттар және электр розеткалары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы купелер, арбаға арналған орындар және жолсерікті шақыру батырмасы қарастырылған. Вагондардың пайдалану мерзімі – 40 жылға дейін.
