Ұлттық ұлан офицері суға батып бара жатқан баланы құтқарды Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Ұлттық ұлан офицері суға батып бара жатқан баланы құтқарды

KAZINFORM мәліметінше, оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болған. Белгілі болғандай, Қазақстан ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Балқаш көліне батып кеткен баланы құтқарып қалған.

Алғаш болып «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы майор Дияр Жақыпов көмекке келген. Оқиға болған кезде офицер еңбек демалысында болған және отбасымен бірге көл жағасында демалып жүрген.

— Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет: «Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым.– дейді майор Дияр Жақыпов.

Офицердің жедел және шешуші әрекеттерінің арқасында жамандықтың алды алынды. Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Суға түсу ережелерін сақтау қайғылы жәйттардан аулақ болуға және адам өмірін сақтауға көмектесетінін ескерген абзал.

Айта кетейік, Семей қаласында Ертіс өзеніне екі бала батып кетті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Нахаловка ауданында болды.