Қала көркі тек саябақтар мен көшелердің тазалығымен өлшенбейді. Қостанайдың сәулеттік келбеті ең алдымен дүкендердің қасбеті, кіреберіс топтары, маңдайшалары мен кәсіпкерлік нысандарының айналасындағы аумақтардың жағдайына байланысты қалыптасады. Сондықтан абаттандыру талаптарын сақтау баршаға ортақ жауапкершілік.
Бүгінде Қостанай қаласында 31 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етеді. Мұндай ауқымды кәсіпкерлік орта қаланың экономикалық дамуына серпін бергенімен, оның сыртқы келбетіне де тікелей әсер етеді. Әрбір нысан қаланың сәулеттік бейнесінің бір бөлігі.
Осы жылдың 1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары күшіне енді. Құжатта кәсіпкерлік нысандары иелері мен пайдаланушыларына іргелес аумақты күтіп ұстау, ғимарат қасбеттерін, қоршауларды, мекенжай көрсеткіштерін, сыртқы жарнаманы және санитарлық жағдайды тиісті деңгейде сақтау міндеттері нақты бекітілген.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 20 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметі 3589 хаттама толтырып, оның ішінде 3534 ескерту жасап, 43 айыппұл салған. Алайда ескертулер әрдайым нәтиже беріп отырған жоқ. Қаланың орталық бөлігіндегі кейбір кәсіпкерлік нысандары ұзақ уақыт бойы жөндеусіз қалып, сәулеттік талаптарға сәйкес келмей отыр.

«Мәселен, «Турист» қонақүйінің қасбетін қайта жаңарту мәселесі екі жылдан астам уақыт бойы шешілмей келеді. Тек әкімшілік ықпал ету шараларынан кейін ғана меншік иесі кіреберіс тобын жөндеу кестесін ұсынып, демонтаж жұмыстарын бастаған. Сондай-ақ, Алтынсарин көшесіндегі «АйнаLine» дүкенінің қасбеті ұзақ уақыт бойы қанағаттанарлықсыз күйде болды. Өткен жылы меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін жөндеу жұмыстарын бастағанымен, бүгінге дейін толық аяқтамай отыр», – дейді қала әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Мира Қазкеева.
Мәселелі нысандар қатарына Гоголь көшесіндегі «Центральный» гастрономы мен Чкалов көшесіндегі «InMart» супермаркеті де жатады.

Бұл нысандардың қасбеттері зақымданған, ал сыртқы келбеті қаланың сәулеттік талаптарына сай келмейді. Қаланың эстетикалық келбетіне кері әсер ететін тағы бір мәселе – рұқсатсыз орнатылған жарнамалық конструкциялар мен ғимарат қасбеттерінің жарнама жапсырмаларымен толық қапталуы. «Чародеюшка» сұлулық салоны мен «Ваш золотой» комиссиондық дүкенінің қасбеттері толықтай пленка мен жапсырмалармен қапталған. Уақыт өте келе олардың түсі оңып, эстетикалық тартымдылығын жоғалтқан, нәтижесінде нысандар қала келбетіне кері әсер етіп отыр.
«Сол сияқты, «Раузет», «Банковская техника», «Кораблик», «1000 мелочей» және «Чеснок» монша кешені сияқты бірқатар нысандарда жарнамалық баннерлер мен маңдайшаларды орналастыру кезінде сәулет талаптарының сақталмағаны анықталды. Десек те оң өзгерістер де бар. Кәсіпкерлердің бір бөлігі өз нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытында оң жұмыстар жүргізуде. Мысалы, «Жұлдыз» шаштаразы ескі маңдайшасын заманауи жарықтандырылған нұсқамен ауыстырды. «Руслана», «Анжелика», «Салем», «Баракат», «Батыс» сауда үйі және «ХозМастер» сияқты нысандар қасбеттерін жаңартып, жарнамалық безендірулерін сәулеттік талаптарға сәйкестендірді», – дейді бөлім басшысы.
Қала әкімі Марат Жүндібаев заң талаптарын дұрыс қолданудан қорықпау керектігін жеткізді.
«Егер айыппұлдар заңда белгіленген тәртіппен кезең-кезеңімен өсіп отырса, кәсіпкер заң бұзудың салдарын нақты түсінетін еді. Мен барлығына жаппай айыппұл салуға шақырып отырған жоқпын. Мен тәртіп орнатуға шақырып отырмын. Адам айыппұл салынатынын нақты білсе, заңсыз әрекетке бармас еді. Ал егер тек ескерту алып, сөгіспен құтылатынын білсе, ол заң бұзушылықты қайта жалғастыра береді. Сондықтан бұл мәселені ерекше бақылауға алуды сұраймын. Әкімшілік жауапкершілік шараларын дұрыс және жүйелі қолдану қажет. Қайталанатын бұзушылықтарға жұмсақ қарауға болмайды. Кейбір кәсіпкерлер бір нысанын бір жерден алып, басқа жерге апарып қояды. Мысалы, бір дүкеннің жанына қойған автоматты алып, кейін басқа жерге орнатады. Мұндай әрекеттер қаланың әр жерінде қайталанып отыр. Бұл дұрыс емес. Егер бұған жол берілсе, қалада тәртіпсіздік күшейеді. Ал мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді Марат Жүндібаев.
Шаһар басшысы өткен жылы комиссия құрылып, қазір жұмыс істеп жатқанын айтады. Яғни, қала әкімінің пікірінше полиция қызметкерлері мен басқа да жауапты органдар бұл мәселеде нақты ұстаным танытуы тиіс. Құжаттары жоқ нысанды алып тастағанда кейбір адамдар оны ұялы телефонға түсіріп, түрлі органдарға шағымданады. Бірақ олардың жерге немесе нысанға қатысты құқық белгілейтін құжаттары жоқ. Мұндай «бизнес» қаланың дамуына емес, тәртіпсіздікке әкелетінін қадап айтты.
«Енді нақты нысандарға тоқталайын. «Турист» қонақүйі – көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл нысан өзінің қасбетін ретке келтіре алмай отыр. Мұндай жағдайда заңда көрсетілген мерзімдерді нақты сақтап, белгіленген 10 күн ішінде бұзушылық жойылмаса, келесі әкімшілік шаралар қолданылуы тиіс. «АйнаLine» дүкені бойынша да осындай жағдай болды. Өткен жылы меншік иесі нысанды жөндеп, барлығын ретке келтіруге уәде берген. Алайда бір жыл өтті, ал нысанның кіреберіс тобы мен қасбеті әлі де толық жөнделмеген күйінде тұр. «Центральный» гастрономы бойынша тұрғындардан тұрақты түрде шағым түседі. Меншік иесі қайта жаңғырту жоспарланып жатқанын айтып, хат ұсынады. Бірақ нақты жұмыстар басталмайды. Қаланың ортасындағы мұндай нысанның қазіргі күйі талапқа сай емес. Сондықтан полиция мен комиссия бірлесіп жұмыс істеп, заңда белгіленген мерзімдер өткеннен кейін нақты шаралар қолдануы қажет. Кәсіпкерлердің тек уәдесін күтіп отыруға болмайды. Заң талаптары орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік шаралары уақытылы қолданылуы тиіс», – деді Марат Жүндібаев.
Жыл басынан бері қала кәсіпкерлеріне 1802 ұсыныс табысталып, олардың нысандарын қазіргі талаптарға сай келтіру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
