Алтынсарин ауданында медициналық кабинет ашылды

Алтынсарин ауданында медициналық кабинет ашылды

Щербаков ауылында жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен жаңа медициналық кабинет есігін айқара ашты. Ауылдағы тар бейінді мамандардың тапшылығы мәселесін шешкен бұл әлеуметтік жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты.

Жобаның авторы – 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жататын алпыс жастағы жергілікті тұрғын Бауыржан Мусин. Ол өз ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуды мақсат етіп, 2025 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант конкурсына өтінім берген.

Комиссияға 10 шақты өтінім түскеніне қарамастан, аудандық әкімдік бұл жобаның маңыздылығын жоғары бағалап, маусым айында 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты Бауыржан Мусинге беру туралы оң шешім шығарған.

«Грантты ұтып алғанымызды естігенде өте қатты қуандық. Ауылдық жерде мұндай медициналық кабинетке сұраныс жоғары екенін түсіндік. Қаражатты бөлуде ешқандай қиындық болған жоқ. Жиһаздар мен қажетті кеңсе жабдықтарын, ноутбук, принтер, кондиционер мен тоңазытқышты ірі сауда үйлері мен интернет-дүкендер арқылы еш кедергісіз сатып алдық», – дейді кәсіпкер.

Жобаны іске асыру үшін Бауыржан Мусин Щербаков ауылынан кәдімгі тұрғын үй сатып алған. Ең алдымен құжаттарды ресімдеп, нысанды «тұрғын емес жай» санатына ауыстырған. Ал ары қарайғы жөндеу жұмыстары нағыз халықтық бірліктің үлгісіне айналыпты.

«Үйді медициналық кабинет талаптарына сай толық қайта жөндеуден өткіздік. Орталықтандырылған инженерлік желілер – газ, су, жарық мәселесін өзіміз жүгіріп жүріп келістірдік. Жөндеу жұмыстарына жақындарымыз бен ауыл тұрғындары көмектесті. Бір сөзбен айтқанда, бұл біздің өзіндік бір «асарымыз» болды, бәрін өз күшімізбен еңсердік», – деп еске алады ол.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Алтынсарин ауданы