Қоғамның тұрақты дамуы жастардың әл-ауқатына, білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына байланысты.
Қостанай облысында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жастарды тұрақты еңбекпен қамтуға, кәсіптік білім алуға және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеген болатын. Осыған сәйкес «Әділетті Қазақстан – баршаға және әркімге арналған» жол картасы аясында 2030 жылға дейін республика бойынша 3,3 миллионнан астам азаматты жұмыспен қамту көзделсе, оның кемінде 2,2 миллионы жастар болуы тиіс.
«Қостанай облысында соңғы бес жылда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. Егер бес жыл бұрын бұл көрсеткіш үш пайыз болса, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 2,1 пайызға дейін азайған. Бұл республикалық көрсеткіштен де төмен. Мәселен, еліміз бойынша жастар жұмыссыздығы 2021 жылы 3,8 пайыз болса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында үш пайыз деңгейінде», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп бес мыңдай жас жүгінген. Оның ішінде үш жарым мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Қалғандары жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс орындарын іздеу жалғасуда.
«Жұмыспен қамтылған жастардың дені субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілсе, енді бірі қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгергендері де бар. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарына орналастырылғандары да бар. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыста 2 653 жас жұмыссыз ретінде тіркелді. Оның 430-ы белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысып жатса, 1 246 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр», – деді басқарма басшысы.
Нақты сандарға жүгінсек, соңғы үш жылда 16 мен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар саны екі еседен астам қысқарған. Мәселен, 2022 жылы жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыз жастардың саны 7 мың 458 адам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 мың 482 адамға дейін төмендеді. Бұл – ресми тіркелген жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай азайғанын көрсетеді.
«Өткен жылы облыста 13,8 мың жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Олар әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, жастар практикасына қатысып, кәсіптік білім алды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мемлекеттік гранттарға ие болды және қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұл шаралар жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, тұрақты жұмыс табуына және өз ісін бастауына сеп болады», – деді Құмар Ақсақалов.
Тұрақты жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмысты жандандырып, әрбір жұмыссыз азаматты нақты жұмысқа орналасқанға дейін сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді басқарма басшысы. Бұл ретте азаматтардың ресми жұмыспен қамтылғанын міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы растауға ерекше назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ жастарды қолдау мәселесі басты назарда болуы керек. Жас азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына кеңінен тарту, кәсіптік оқытуға қатыстыру және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау арқылы олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыру маңызды.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ
