Қостанайда жаңа саябақ салынады

Қостанайда жаңа саябақ салынады

Қостанай қаласының солтүстік-батыс ауданында жаңа саябақ ашылуы мүмкін. Бұл жайында шаһар басшысы Марат Жүндібаев жуырда аппарат кеңесінде мәлімдеді.

Қала әкімі болашақ саябақтың орны анықталып қойғанын жеткізді. Жаңа демалыс аймағы Назарбаев зияткерлік мектебі жақта, Назарбаев даңғылының бойында орналаспақ.

Аумағы бес гектардан кем емес. Өткен жетіде шаһар басшысы әріптестерімен бірге сол жерге барып, аумағын абаттандыру және көлік тұрағын жасақтау жұмыстарын кеңесті.

«Назарбаев даңғылының бойында жоспарланып отырған саябақтың аумағын қосымша кеңейте аламыз. Промышленный көшесінен Орал Мұхамеджанов көшесіне дейін созуға болады. Осылайша саябақты сегіз гектарға дейін ұлғайтамыз», – деді Марат Жүндібаев.

Қала басшылығы нысанды жобалауға жуырда кіріспек. Сондай-ақ Береке шағын ауданында жаңадан жасыл аймақ құру мүмкіндігін қарастырады.

«Бұл жерлерде ағаш көп. Алдағы екі жылда көгалдандыруды үздіксіз жалғастыру қажет. Жаңа саябаққа суару жүйесін қосу, орындықтар қою, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, аумақты жарықтандыру жоспарлануда. Сонымен қатар балалар және спорт алаңқайы, велосипедке арналған және жүгіру жолағы болады. Тұрғындар қазірдің өзінде ол маңда жүгіріп, спортпен шұғылданып жүр. Сондықтан сұраныс бар деген сөз», – деді Марат Қонысбайұлы.

Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде қалада тағы бір заманауи, жайлы демалыс алаңы пайда болмақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Сурет көрнекілік ретінде газет архивінен алынды