Өңірде жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында тіркелген қылмыстар саны 51,6 пайызға азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Әсел Мұратбек мәлімдеді.
Аға инспектордың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өңірде тұрмыстық қылмыстардың оң динамикасы байқалады. Мәселен, бұрын бұл санатта 64 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 31-ге дейін азайған.
«Өңірде кісі өлтіру қылмысы 80 пайызға, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деректері 66,7 пайызға, ал ұрып-соғу жағдайлары 76,9 пайызға төмендеді. Дегенмен, талдау көрсеткендей, қылмыстардың негізгі себебі – кенеттен туындайтын отбасылық жанжалдар. Олардың көбі бірге ішімдік ішу салдарынан, қызғаныш пен ұрыс-керістен кейін болған», — деді Әсел Мұратбек.
Полиция мәліметінше, тұрмыстық қылмыстардың 61 пайыздан астамы алкогольдік ішімдік тұтыну салдарынан жасалса, 42 пайызға жуығын бұрын сотталғандар өршіткен. Сондай-ақ, заң бұзушылықтардың басым бөлігі (96,7 пайызы) тікелей тұрғын үйлерде орын алады.
Жыл басынан бері Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 2500-ден астам заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот тарапынан құқық бұзушылардың мінез-құлқына 2 мыңнан астам ерекше талап белгіленді.
Бұдан бөлек, биыл алғаш рет отбасылық агрессорларды психологиялық түзеу тәжірибесі белсенді қолданыла бастады. Ішкі істер органдарының бастамасымен сот шешімі бойынша 197 адамға психологиялық көмек тағайындалып, оның 178-і арнайы бағдарламадан өткен.
«Қылмыстық іс жүргізу аясында агрессорларға жәбірленушілерге жақындауға және олармен бірге тұруға тыйым салу шаралары қолданылуда. Бұл қайталама зорлық-зомбылықты қайта орын алмауының алдын алады», — деп толықтырды спикер.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларында уақытша тұруға мүмкіндігі бар 3 кешенді қолдау орталығы жұмыс істеп тұр.
Бес айдың ішінде бұл орталықтарға 66 зардап шеккен азамат орналастырылған, оның 39-ы балалар. Олардың барлығына қажетті психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетілді.
Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды үнсіз қалмай, бірден 111 және 150 шұғыл көмек телефондарына хабарласуға шақырады. Тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
