Жүгіру, заң және тәртіп

Жүгіру, заң және тәртіп

Қостанайда алғаш рет ерекше әрі ауқымды спорттық шара – спортты, командалық рухты және құқықтық мәдениетті арттыруға деген ұмтылысты біріктірген құқықтық марафон өтті.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Триатлон саябағында ұйымдастырылып, 300-ден астам қатысушыны жинады.

Жарыс жолына 12 команданың өкілдері шықты. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, бизнес өкілдері және салауатты өмір салтын ұстанушылар болды. Алайда марафонның мақсаты тек спорттық бәсеке емес еді. Ұйымдастырушылар азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға басымдық беріп, іс-шараны зияткерлік-командалық форматта өткізді.

Салтанатты шараға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, оның маңызын арттыра түсті. Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев қатысушыларға арнаған сөзінде мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметшілер әрдайым қоғамға үлгі болады. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Олар құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, жеке жауапкершіліктің, заңды сақтаудың және мемлекет пен азаматтардың мүддесіне адал қызмет етудің маңызын көрсетеді. Осындай бастамалар азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтып, құқықтық мәдениетті дамытуға және қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Марат Сексембаев.

Жарыс басталар алдында қатысушыларға сергектік сыйлайтын көңілді жаттығу ұйымдастырылды. Қостанайдағы «морждар» клубының негізін қалаушылар жүгірушілерді жарысқа жігерлендіріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жалпы старт берілгеннен кейін барлық қатысушылар бір мезетте жарысты бастады. Дегенмен нәтижелер ерлер мен әйелдер арасында жеке есептелді. Әйелдер 2,4 шақырымдық бір айналымды еңсерсе, ерлер екі айналым жүгірді. Көпшілік үшін басты жетістік жеңіс емес, қатысудың өзі болды. Мәре сызығын кесіп өткен әрбір қатысушы көрсеткен нәтижесіне қарамастан естелік медальмен марапатталды.

Әйелдер арасында Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенті Алина Весленёва үздік нәтиже көрсетті. Ол қашықтықты сенімді түрде бағындырып, жастық жігер мен спортқа деген сүйіспеншіліктің жоғары нәтижеге жеткізетінін дәлелдеді.

– Денің сау болса, жаның сау. Мен бұл марафонға салауатты өмір салтын насихаттау маңызды деп санайтындықтан қатыстым. Өзім шаңғы спортымен айналысамын. Бұл жарыста өзімді сынап, төзімділігімді тексердім. Ал «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына келсек, әрбір азамат өз елінің заңдарын сақтап, басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс деп есептеймін, – деді жеңімпаз.

Ерлер арасындағы жарыста да тартыс жоғары деңгейде өтті. Мәре сызығын бірінші болып Асылжан Манаев кесті. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің №40 мекемесінде режим, бақылау және күзет жүйесінің бақылаушысы болып қызмет атқарады. Жас маман Қостанайға биылғы наурыз айында ғана көшіп келгеніне қарамастан, қаланың спорттық өмірінде өзін танытып үлгерді.

Жеңімпаздың айтуынша, марафонға арнайы дайындық жүргізілмеген. Оның табысының сыры бұрын кәсіби футболшы болғандықтан қалыптасқан тамаша физикалық дайындықта жатыр. Дәл осы спорттық тәжірибе оған қашықтықты сенімді еңсеріп, ерлер арасында жеңіске жетуге мүмкіндік берді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Қостанайдағы алғашқы құқықтық марафон жай ғана спорттық жарыс емес, түрлі мамандық пен жастағы адамдарды ортақ құндылықтар — заңға құрмет, қоғам алдындағы жауапкершілік және салауатты өмір салты төңірегіне топтастырған жарқын қоғамдық оқиғаға айналды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың болашағы зор екеніне сенімді және оның өңірдің жақсы дәстүріне айналатынына үміт артады.

 

Василий ВАСИЛЬЕВ