Тағылымды кездесу

Тағылымды кездесу

ҚР Рәміздер күні қарсаңында Тобыл-Торғай өңіріне белгілі этнограф-жазушы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова арнайы келді. Пушкин атындағы кітапханада өткен кездесуде ел анасының ғибратты әңгімелері ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында Зейнеп Ахметова қазақ халқының ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері, отбасы тәрбиесі және ұрпақ сабақтастығы туралы кеңінен әңгімеледі. Ол әрбір азаматтың туған жерінен жыраққа шыққанда тұтас ұлттың өкілі ретінде бағаланатынын айтып, әр қазақтың мойнында ұлттық жауапкершілік бар екенін ерекше атап өтті.

Жазушы қазақтың дәстүрлері мен ырымдарының түп-төркіні тереңде жатқанын айтып, олардың өмірлік тәжірибе мен халық даналығының нәтижесінде қалыптасқанын түсіндірді.

«Нәрестені қырқынан шығару дәстүрінің ғылыми және тәрбиелік маңызы зор. Мен ата-бабаларымыздың даналығына тәнтімін. Қазіргі қоғамда осындай кейбір салттарымыз бұрмаланып жатыр. Заманмен бірге дами бер, бірақ ұлттық құндылықтарды заман талабына сай сақтай білу қажет», – деді ел анасы.

Кездесуде отбасы тәрбиесі мәселесі де кеңінен қозғалды. Зейнеп Ахметова ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың өзара түсіністік пен құрметке негізделуі тиіс екенін айтып, тәрбиенің сөзбен емес, өнегемен берілетінін ерекше атап өтті. Өзінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, отбасы берекесінің татулық пен сыйластықтан басталатынын жеткізді.

Кеш барысында қаламгер Бауыржан Момышұлының ұлт, тәрбие және адамгершілік туралы өсиеттері жөнінде де сыр шертті. Сонымен қатар өзінің естелік кітаптарының жазылу тарихы мен архивінде сақталған тың деректер туралы айтып, болашақ ұрпаққа тарихи шындықты жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Зейнеп Ахметова жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың басты тетіктері тіл, дәстүр және білім екенін айтты. Оның пікірінше, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы мен рухани құндылықтары ұлттың болашағын айқындайтын негізгі тіректердің бірі болып қала береді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Тағылымды кездесу соңында оқырмандар қонаққа алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Кеш барысында айтылған ойлар мен өнегелі әңгімелер көпшілікке ұлттық рух пен тәрбиенің маңызын тағы бір мәрте сезіндіргендей.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ