Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылған сәттен бастап жыл сайын сот орындаушыларының әрекеттеріне шағым жасау туралы істер бойынша сот тәжірибесіне талдау жүргізіп келеді.
Аталған санаттағы істер әлеуметтік маңызы жоғары болып табылады, өйткені әрбір азамат белгілі бір дәрежеде сот актілерінің орындалуына байланысты мәселелермен бетпе-бет келеді.
Осыған байланысты 2026 жылғы 14 мамырда Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қостанай облысы бойынша Әділет департаменті мен Қостанай облысының Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының өкілдерінің қатысуымен «2025 жылғы кезеңдегі сот орындаушыларының әрекеттеріне шағым жасау туралы істер бойынша сот тәжірибесі және оны 2024 жылмен салыстыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Статистикалық деректерді талдау сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту туралы талаптардың саны жыл сайын аздап төмендеп келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, 2025 жылы сотқа келіп түскен 1 193 істің (2024 жылы – 1 213 іс) ішінде 315 талап қою (2024 жылы – 328 талап қою) сот орындаушыларының әрекеттері мен актілеріне қатысты болған.
Осылайша, 2025 жылы аталған санаттағы талаптардың үлесі шамамен 27 пайызды құрап, 2024 жылғы деңгейде сақталған.
2025 жылы 95 жағдайда сот орындаушыларының әрекеттерінің заңсыздығы сотпен анықталған немесе жауапкердің өзі мойындаған. Атап айтқанда, 19 талап қанағаттандырылды, 47 іс бойынша сот медиативтік келісімді бекітті, ал 29 талапкер дауды іс жүзінде реттеуге байланысты талаптарын қайтарып алды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 100 жағдайды құраған.
Демек, сот орындаушылары өз міндеттерін тиісінше орындаған жағдайда, атқарушылық іс жүргізу тараптарының сотқа жүгінуінің шамамен 30 пайызын болдырмауға мүмкіндік болған.
Сонымен қатар, 2024 жылмен салыстырғанда қанағаттандырылған талаптардың үлесі 44 пайызға төмендегенін атап өткен жөн. Мәселен, 2024 жылы 34 талап қанағаттандырылса, 2025 жылы олардың саны 19 болған.
2025 жылы шешім шығарумен қаралған істердің жалпы санынан талаптардың қанағаттандырылу деңгейі 26 пайызды (73 істің 19-ы) құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 36 пайызды (96 істің 34-і) құраған.
Сот орындаушыларына қатысты соттың ақшалай өндіріп алу шараларын қолдануы мен жеке ұйғарымдар шығару санының азайғаны байқалады.
2025 жылы сот орындаушыларына қатысты жалпы сомасы 196 600 теңге көлемінде 3 ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарым шығарылды.
Сондай-ақ, 2025 жылы 7 жеке ұйғарым шығарылып, 6 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, сот орындаушыларының қызметінде және осы бағыттағы соттың құқық қолдану тәжірибесінде оң үрдіс байқалатыны атап өтілді.
Қостанай облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты
