Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында аймақтағы балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Отырыс барысында жазғы науқанға дайындық, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, медициналық қызмет көрсету және оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраеваның мәліметінше, биыл аймақта 113 мыңнан астам оқушы оқу жылын тәмамдады. Оның ішінде 5 213 бала мектеп бітіріп отыр.

«Биыл 4 мыңнан астам түлек (78,5 пайыз) ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 231 түлек «Алтын белгіге», ал 302 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Бұл білім деңгейінің тұрақтылығын көрсетеді», — деді басқарма басшысы.
Айман Ибраева мектеп бітіру кештерін өткізу форматына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аттестат тапсыру шарасы тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс.
«Заңсыз ақша жинауға, мейрамханалар мен кафелерде банкеттер өткізуге, табиғатқа шығуға және автокортеждер жалдауға қатаң тыйым салынады», — деп ескертті ол.
Биыл өңірде балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларына 457 миллион теңге бағытталған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп.
Жаз айларында 12 қала сыртындағы лагерь мен 617 мектеп жанындағы алаң жұмыс істейді. Олармен 103 мыңға жуық бала (98,5 пайыз) қамтылмақ.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, орманды алқаптарда орналасқан 9 қала шетіндегі лагерьде ұялы байланыс нашар. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге кедергі келтіреді.
«Қазіргі уақытта лагерьлерге Starlink спутниктік интернет жабдықтарын сатып алу мәселесі қарастырылуда. Осы мақсатқа шамамен 7 миллион теңге бағытталады», — деді Ибраева.
Сонымен қатар, Меңдіқара ауданындағы қараусыз қалған бұрынғы «Солнечный» лагерін «Аллюр» зауыты инвестор ретінде өз жауапкершілігіне алып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастамақ. Кейіннен ол жыл бойы жұмыс істейтін коммерциялық балалар лагеріне айналады.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұхан Дәулетбаев балалардың қауіпсіздігі үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының (СЭҚ) маңыздылығын алға тартты. Ол өткен жылғы тексеріс нәтижелерін мысалға келтірді.
«Былтыр екі лагерьге рұқсат құжатын беруден бас тарттық. Мысалы, Қарабалық ауданындағы «Достық» лагері жөндеудің жоқтығы, аумақтың нашар күтімі мен дезинфекция жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан санитарлық талаптарға сай болмады. Ал Алтынсарин ауданындағы «Светофор» лагері құжаттар пакетін толық өткізбеген», — деді Ермұхан Дәулетбаев.
Департамент басшысы биыл мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін ведомствоаралық бақылау күшейтілгенін және лагерьлерді қабылдау жұмыстары 1 маусымға дейін аяқталатынын жеткізді.
Жиын барысында балалар арасындағы қайғылы жағдайлар мен құрық бұзушылық статистикасы да ортаға салынды. Мәселен, 2025 жылы өңірде балалардың қатысуымен 420 бақытсыз жағдай тіркелген (оның ішінде 7 бала суға кеткен, 9 бала терезеден құлап, біреу шетінеген, жол апатынан 7 бала көз жұмған). Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 64 оқиға орын алып үлгерген.
Қазіргі таңда облыс бойынша мектепішілік және полиция есебінде 1 452 бала тұр. Олардың барлығы жазғы уақытта демалыспен және еңбек бригадаларымен толық қамтылады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жазғы бағдарламаларды сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық бағыттармен толықтыру, балалар қатысатын іс-шараларда қауіпсіздік шараларын күшейту, тамақтану сапасы мен санитариялық жағдайға бақылауды арттыру, сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығын пысықтау тапсырылды.
Облыстық Полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті 1 маусымға дейін аймақтағы барлық қараусыз қалған, қауіпті нысандарды тексеріп, балалардың кіруін шектеуді, сондай-ақ су айдындары мен жолдарда рейдтерді жиілетуді бұйырды. Жазғы науқанға тартылатын 4 мыңнан астам педагог пен волонтерлердің соттылығы мен құжаттары қатаң сүзгіден өткізілетін болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
