Ы.Алтынсарин атындағы гимназиядағы оқу жылын қорытындылауға арналған «Ыбырай жұлдыздары- 2026» атты салтанатты жиында гимназистердің пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жоғары нәтижелері зор құрметпен аталып өтілді.
Салтанатты іс-шараға қалалық білім бөлімінің әдіскерлері және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, озат шәкірттер мен үздік педагогтарды марапаттады.

Жыл бойы оқуда, шығармашылықта және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан 12 оқушы «жұлдызды» номинациялармен марапатталды. Нәтижесінде «Үздік гимназист» атағы 11 «А» сынып оқушысы Айлана Амантайға бұйырды.

«Жылдың үздік оқырманы» жобасы да өз жеңімпаздарын анықтады. Жыл ішінде 15 кітап оқып, 4625 бетті парақтаған 7 «А» сынып оқушысы Аруна Қайратова жоба жеңісінің тұғырынан көрінді.

«Үздік педагог — 2026» атағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ажар Құрманбаеваға, ал «Үздік жас маман- 2026» атағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақтоты Жүсіповаға табысталды. Мұндай атақтарға лайық болған педагогтар: «Табысты ұстаз», «Білікті ұстаз», «Жаңашыл ұстаз» сияқты т.б. номинациялармен марапатталды. Сонымен қатар, 11 «А» сыныбы мен сынып жетекшісі Жазира Абдрахманова «Үздік сынып» жобасының жеңімпазы атанды.

Марапаттау рәсімінің маңызды бір тұсы – барлық номинация жеңімпаздары мен «Үздік гимназист», «Үздік педагог» жобасының иегерлеріне арнайы төсбелгілер, мадақтамалармен қатар, қомақты қаржылай сыйлықтардың табысталуы болды. Бұл қолдау оқушылар мен ұстаздардың жігерін жанып, келешекте одан да биік белестерді бағындыруға ынталандыра түсері анық.

«2025-2026 оқу жылы гимназиямыз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан 26 оқушының 14-і жүлделі орындарға ие болып, мектептің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда да оқушылар жоғары нәтижелер көрсетті.

Бұл іс — шара білім ұясының бір жыл ішіндегі жарқын жетістіктері мен талантты шәкірттердің, еңбекқор ұстаздардың еңбегін саралаған айтулы оқиғаға айналды.

«Ыбырай жұлдыздары — 2026» салтанаты білім алушылар мен ұстаздар қауымына жаңа жеңістерге деген сенім мен шабыт сыйлады. Гимназия ұжымы алдағы оқу жылында да осындай биік белестерді бағындыратынына сенімді»,-дейді Ы.Алтынсарин атындағы гимназия директоры Мұрат Рауылұлы.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
