Бүгін «ТүзеТілді» айдарында негізгі мағынасы бұрмаланған немесе белгісіз себептермен өзгеріске ұшыраған, көбіміз түп-төркінін білмей қолданып жүрген кейбір мақал-мәтелді сөз етпекпіз.
Әуелі айтарымыз, қазір мақал мен мәтелдің айырмашылығын білмейтін адамдарды жиі кездестіретін болдық. Мақал дегеніміз – тиянақты ойы, толық мағынасы бар, қысқа да нұсқа берілген даналық сөз (Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»). Ал мәтел айтылар сөздің реңін ашып, ойға «тұздық» қосып, әсемдеп сабақтай түседі, сөйлем ішінде болмаса, жеке-дара тұрып мағына бермейді. (Мәселен: «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады», «Қойшының қызы қой келгенде…»). Енді біз қате мәнде қолданып жүрген мақал-мәтелдердің бірнешеуіне тоқталып өтелік.
- «Құлағыңа алтын сырға». Бұл мәтелді көпшілік жұрт «есіңе сақтап ал, жадыңа тұт, саған қаратып айтып отырмын» деген мағынада қолданылады деп түсініп жүр. Негізінде, мұнда «естімей-ақ қой», «естімеген бол, сыр сақта, айтылған сөз осы жерде қалсын» деген астар жатыр. Ілгері заманда әулеттің үлкендері дастарқан басында жастар естуге болмайтын (ұятты немесе қауіп-қатерлі, құпия, т.б.) әңгіме қозғала қалғанда «балам, құлағыңа алтын сырға» дейтін болған екен. Бүгінгі жұрт та осы мәтелді түпкі мағынасына сай қолданса, қандай ғанибет болар еді.
- «Аузы күйген үріп ішеді». Бұл мақалдың сақ болу, абайлау, бір қателікті екінші рет қайталамау мағынасында айтылатыны белгілі. Бірақ осы сөзді айтуда және жазуда үнемі ағаттық жіберіп жүрміз. Біріншіден, «үріп» емес, «үрлеп ішеді» деген дұрыс. Екіншіден, осы мақалдың толық мәтіні бұрынырақта басқаша: «Ыстық сүтке аузы күйген салқын айранды үрлеп ішеді» деп айтылған екен. Осы нұсқасын тұтынысымызға енгізсек, мақал әлдеқайда мәндірек болар ма еді деп ойлаймыз.
- «Жүргенге жөргем ілінеді». Мұның мағынасын да әркім әрқалай түсіндіріп жүр. Елдің оңтүстік өңірінің қариялары «жөргем деген – шырмауық (әлде қаңбақ – ред.) тәріздес өсімдік» деген анықтама айтады. Демек, бұл түсінікке сүйенсек, «жүрген адамға міндетті түрде кедергі кездеседі» дейтін мағынаны ұғар едік. Бірақ бұл мақалдың шығу тарихы туралы басқа да нұсқа бар. Жөргем сойылған малдың піскен ішек-қарыны делінеді. Ашаршылық заманында жансебіл жұрт жегенінен қалған «жөргемді» әлдебір ашқұрсақ міскін талшық етер деген үмітпен тал басына іліп кетеді екен-міс. Біз осы соңғы нұсқа қисынға келеді деп топшылаймыз. Өйткені қазақта «Екі бас, екі басқа жөргем ас», «Жөргем – сыбаға» деген сөздер де кездеседі. Олай болса, аталмыш мақал «Өлімегенге өлі балық кездесер», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дейтұғын нақылдармен мәндес деуге болады.
- «Таз ашуын тырнадан алады». Бұл да бір «қазаны оттан түспеген» даулы мақал болып келеді. Әркім әрқалай құбылтады. Бірі мұны «тазы ашуын тырнадан алса керек» дейді, енді бірі сол тазының ызаланып, жерді тырналап тас-
тайтынын қисынға салып жүр. Біріншіден, тазының ашуы келсе, аяқ астынан тырнаны қайдан таба беруі мүмкін? Екіншіден, тазының ызасы қайнап жерді қаза жөнелетінін естіп көрдіңіз бе? Сондықтан мақалдың дұрыс нұсқасы «Таз ашуын тырнаУдан алады» болуы керек. Өйткені «таз» дегеніміз бастың жарасы, ал сондай жарасы қышып, берекесі қашқан адамның ашуланып, басын аямай тырналайтыны шын ғой. Әлбетте, бұл мақалдың бекерден-бекер ашу шақырғыш, дегбірсіз адамға қаратыла айтылатыны анық. «Битке өкпелеп, тонын жаққан» дейтін мәтел де осымен төркіндес.