Өңірдегі үш бірдей этно-мәдени бірлестік мерейтойын дүркіретіп тойлады. Екі күнге жалғасқан іс-шарада қостанайлықтар әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүріне қанықты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Президент еліміздің барлық салада батыл өзгерістер жолына түскенін және жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшу керектігіне ерекше тоқталды.
Ассамблея елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарды. Реформалардың жұртшылық тарапынан кең қолдау табуына, мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне барлық этносты жұмылдыруға да ықпал етті.
Біздің облыста этно-мәдени орталықтарының жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Осының бір дәлелі – қалада өткен этно-мәдени бірлестіктерінің форумы. Биыл өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар орталығы мерейтойларын атап өтуде. Мысалы, «Эребуни» украин, еврей және армян орталығының құрылғанына 30, орыс қауымдастығына 25 және «Шарк» тәжік-өзбек бірлестігіне 20 жыл.
Екі күнге созылған форумға республикамыздың әр өңірінен спикерлер келді. Олар жиын барысында сөз алып, жұмыстары жайында баяндама жасап, көпшілікпен тәжірибелерін бөлісті. Форум қортындысында ұлттар тұтастығы мен халықтар достығын нығайтуға үлес қосып жүрген бір топ белсендіні ҚХА жанындағы Қостанай облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Қалқаман Жақып марапаттады.
Екінші күні қалалық балалар шығармашылығы мектебінде этно-мәдени орталықтары өкілдері концерт берді. Фестивальге Қостанай облысының әр қалаларынан өнерпаздармен қатар, өзге өңірлерден де қонақтар қатысты.
– Бүгін бір шаңырақ астында бас біріктірген ұлт өкілдері мерейтойларын атап өтуде. Екі күнге ұласқан мәдени думанның берері мол. Осынша жыл ішінде атқарылған істерге есеп беріп, болашаққа жоспар құрдық, – дейді «Эребуни» армян қауымдастығының өкілі Сергей Григорян.
Достық үйі де бұл күндері ерекше безендірілді. Залға түрлі ұлт өкілдерінің портреттері салынған картиналар көрмесі қойылып, әр ұлттың даралығын паш ете түскендей.
– Мәдени кешке қойылым әзірлеп, дайындалып келдік. Түрлі ұлттық киімдер әкелдік. Мерекелік атмосфераны көпшілікке жеткізіп, көңілдерін көтере түскіміз келді, – дейді хореограф Диана Хлопщарова.
Мереке қонақтары әр бірлестіктің өткен тарихы туралы мағлұмат алды.