Қостанай облысында саламатты өмір салтын насихаттау және темекі шегудің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков «Jastar MED» жастар денсаулығы орталығының басшысы Асен Садвокасовамен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар өткізді.
Іс-шараға облыс әкімі аппараты мен облыстық басқармалардың қызметкерлері қатысып, зиянды әдеттердің адам денсаулығына тигізер кері әсері жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Семинар барысында қатысушыларға арнайы презентация ұсынылып, ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар холестерин, қандағы қант мөлшері мен артериялық қысымды анықтайтын экспресс-тесттер ұйымдастырылды.
Кездесуде темекі мен электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің адам ағзасына келтірер зияны кеңінен түсіндірілді. Мамандар никотин, шайыр және көміртегі тотығы сынды улы заттардың тыныс алу жолдарына, жүрек-қан тамырлары жүйесіне, асқазан-ішек мүшелеріне және жүйке жүйесіне орасан қауіп төндіретінін атап өтті. Сондай-ақ жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге тигізетін зиянына ерекше тоқталды.

Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков өз сөзінде қоғам денсаулығы – мемлекет болашағының кепілі екенін айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында ел болашағына қауіп төндіретін бес кеселді ерекше атап өтті. Оның ішінде вейп, насыбай, есірткі секілді зиянды әдеттердің ұлт саулығына зор қатер екенін ашық айтты. Мемлекет басшысы «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» қағидатын негізге ала отырып, қоғамды кеселді әрекеттерден арылуға шақырды. Бұл – баршаға ортақ міндет, – деді Қайрат Сүйіндіков.
Президент Ұлттық құрылтайдағы сөзінде бүгінгі қоғамға қауіп төндіріп отырған бес кеселге арнайы тоқталған еді. Олар – есірткі мен синтетикалық нашақорлық, вейп пен насыбай қолдану, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен агрессия, вандализм және ысырапшылдық. Мемлекет басшысы мұның бәрі ұлттың сапасына, елдің ертеңіне тікелей әсер ететінін айтып, бүкіл қоғам болып күресу қажеттігін жеткізді.
Әсіресе жастар арасында сәнге айналып бара жатқан вейп мәселесі алаңдатарлық. Президент бұл жөнінде заңнамалық шаралар күшейтіліп жатқанын, ұлт денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажеттігін айтқан.
Семинар барысында да мамандар дәл осы мәселелерге ерекше назар аударып, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндірді. Қатысушылар зиянды әдеттерден аулақ болу жеке адамның таңдауы ғана емес, тұтас қоғам алдындағы жауапкершілік екенін баяндады.
– Салауатты ұлт қалыптастыру әр азаматтың өзінен басталады. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, зиянды әрекеттерден бойды аулақ ұстау – өркениетті қоғамның белгісі, – деді Қайрат Сүйіндіков.
Мұндай кездесулер қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жастарды саналы өмір салтына бағыттауға да ықпал етеді. Ұлт саулығы – мемлекеттің стратегиялық байлығы. Сондықтан зиянды әдеттермен күрес – тек дәрігерлердің емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
