Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және ведомствоаралық өзара іс — қимыл мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өз жұмысын бастады. Кеңеске облыстық Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова, Қостанай облысы әкімінің әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі кеңесшісі Гүлмира Капенова және басқа да құзырлы тұлғалар келіп қатысты.

«Соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, интернет арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің сондай – ақ, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына байланысты мәселелердің өзектілігі артып отыр. Аталған жағдайлар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне, психологиялық және әлеуметтік әл – ауқатына елеулі қауіп төндіреді»,-деп атап өтті жиынға төрағалық жасаған қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов.

Арқалық қаласының аумағында 26 мектеп бар. Олардың 12-і жалпы білім беретін мектеп (ЖББМ), 14-і негізгі орта мектеп, 2-бастауыш мектеп және 1 – арнайы мектеп. Сонымен қатар 4 колледж жұмыс істейді.

Соңғы үш жыл ішіндегі көрсеткіштерді саралағанда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деректері жоқ емес. Атап айтқанда: 2023-2024 оқу жылында А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияда 3 оқушы бұзақылық әрекетімен, №1 Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ – 1 оқушы бұзақылық үшін, №4 Кейкі батыр атындағы ЖББМ — 1 оқушы қадағалаусыздық себебінен, №10 ЖББМ — 1 оқушы қағыбастық есебімен тіркеуге алынған. 2024-2025 оқу жылында №1 Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ – 1 оқушы бұзақылық үшін, №2 ЖББМ – 1 оқушы қараусыз себебімен, №4 Кейкі батыр атындағы ЖББМ — 1 оқушы бірнеше құқықбұзушылық фактісі бойынша, №10 ЖББМ — 1 оқушы түнгі уақытта заңсыз жүру және қаңғыбастық үшін, Ә.Бөкейхан атындағы ЖББМ – 1 оқушы ұрлық жасауға оқталу әрекетімен құқықбұзушылық жасаған.

Ал, биылғы оқу жылында №4 Кейкі батыр атындағы ЖББМ – 1 оқушы қаңғыбастық және қараусыз қалу дерегі бойынша, М.Әуезов атындағы ЖББМ – 1 оқушы алкогольді ішімдік ішу фактісі бойынша, А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияда 1 оқушы түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы және қаңғыбастық фактісі бойынша, №4 Кейкі батыр атындағы ЖББМ – 1 оқушы кәмелетке толмаған бола тұра түнгі уақытта әкесіне тиесілі автокөлікті заңды құқығынсыз басқару фактісі бойынша профилактикалық есепке алынған.

Қыз балалардың қатысуымен де бірнеше құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Мәселен, 2025 жылдың 15 қазан күні №2 ЖББМ 8-9 сынып оқушылары арасында буллинг айғағы тіркеліп, меселе білім бөлімі жанындағы арнайы комиссияда қаралған.

Оқушылар арасында сөзге келіп қалудың арты жанжалға ұласу фактілері де көптеп кездеседі. Фурманов ЖББМ – 1 оқушы оқу процесі барысында педагогтерге және мектеп әкімшілігіне қатысты әдепсіз, агрессивті мінез-құлық көрсетіп келген.

Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы кеңесте жасаған баяндамасында қиын өмірлік жағдайдағы (ҚӨЖ) санатына енгізілген 174 баламен кешенді, жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Облыстық комиссия өкілдері күн тәртібінде көтерілген өзекті мәселелер бойынша бірлескен нәтижелі жұмыстарды күшейту қажеттігін айтып, елімізде бастау алған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ұдайы назарда ұстауға шақырды.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
